Дебрецен қаласының мэрі бастаған Мажарстан делегациясы Мұхтар Әуезов атындағы университетке іссапармен келді

       Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетіне Дебрецен қаласының мэрі Ласло Папп бастаған Мажарстанның ресми делегациясы келді. Кездесу Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастықты нығайту аясында өтіп, бір күн бұрын Шымкент пен Дебрецен қалалары арасында бауырластық байланыстар орнату жөнінде қол жеткізілген уағдаластықтардың заңды жалғасына айналды.

       Делегацияны университеттің Басқарма төрағасы-ректоры Мұхтар Төлеген қабылдады. Кездесуге сондай-ақ Дебрецен университетінің проректоры, профессор Карой Петё, екі жоғары оқу орнының басшылығы мен академиялық қауымдастық өкілдері қатысты.
Қонақтарды қарсы алған университет басшысы Төлеген Мұхтар Әділбекұлы Қазақстан мен Мажарстанды байланыстыратын тарихи және мәдени тамырлардың, ортақ дәстүрлерге ерекше маңызын атап өтті. Шымкент пен Дебреценнің бауырлас қалалар атануы білім беру, ғылым және жоғары білікті кадрлар даярлау салаларындағы тікелей ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатыны айтылды. Келіссөздер барысында университеттер арасындағы әріптестікті дамытуға ерекше назар аударылды. Тараптар бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын кеңейту, сондай-ақ ортақ ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру перспективаларын талқылады.
      Ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде тарих және ортақ мәдени мұраны зерттеу, аграрлық ғылымдар, химиялық инженерия, құқық және пәнаралық зерттеулер айқындалды. Сонымен қатар докторанттарға бірлесіп ғылыми жетекшілік ету, халықаралық ғылыми басылымдарда ортақ мақалалар жариялау және Horizon Europe бағдарламасы аясындағы ғылыми-зерттеу консорциумдарына қатысу мүмкіндіктері қарастырылды.
Дебрецен университетінің өкілдері қазақстандық әріптестерін өз оқу орнының білім беру және ғылыми әлеуетімен таныстырды. Жұмыс кездесулерінің қорытындысында екі университеттің бірқатар білім беру бағдарламалары мен ғылыми бағыттарының мазмұндық тұрғыдан өзара жақындығы атап өтілді.        Бұл нақты бірлескен жобаларды іске асыруға қолайлы негіз қалыптастырады.
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі екі университет арасындағы ұзақ мерзімді академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Ниеттер туралы келісімге қол қойылуы болды. Сапар аясында мажарстандық қонақтар университетке есімі берілген көрнекті қазақ жазушысы, ғалым және қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы тұлғаның рухына тағзым етті.
      Мажарстан делегациясының сапары Қазақстан мен Мажарстан арасындағы академиялық байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам болып, бірлескен бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыруға негіз қалады. Қол жеткізілген уағдаластықтар Шымкент пен Дебреценнің білім беру және ғылыми әлеуетін біріктіріп, екі қала арасындағы әріптестікке жаңа мазмұн беруге бағытталған.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru


Please publish modules in offcanvas position.