Сонымен қатар жоғары оқу орындары студенттерді белгіленген үлгідегі электрондық сертификат бере отырып, өз бетінше әзірленген курстар бойынша оқыта алады.
Министрлік жасанды интеллект бойынша пәндерді барлық бағыт бойынша білім беру бағдарламаларына міндетті түрде енгізуді көздейтін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына өзгерістер енгізді. Қазіргі уақытта еліміздің 95 жоғары оқу орны білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект пәндерін енгізді.
Ғылым қорымен және халықаралық сарапшылармен бірлесіп еліміздің әр өңірінде 27 «зәкірлі» жоғары оқу орны іріктеліп, бекітілді. Жоғары оқу орындары бағдарламаны іске асыру үшін қажетті инфрақұрылыммен байланысты критерийлер бойынша іріктелді, оның ішінде жоғары оқу орындарында ЖИ саласындағы білім беру бағдарламаларының, шетелдік әріптестердің, есептеу қуаттарының болуы және т.б. Бұл жоғары оқу орындары өз өңірінде және көршілес облыстарда жобаны іске асыруға жауапты, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамын AI-Sana бағдарламасы бойынша оқытуды қамтамасыз етеді.
Осылайша AI-Sana бағдарламасы елімізде жасанды интеллектті дамыту үшін қолайлы экожүйені құруға бағытталған. Бағдарлама оқытуды, ғылыми жобаларды, стартап-акселерацияны және халықаралық ынтымақтастықты қамтиды. Бұл бастама арқылы болашақ мамандар мен ғалымдар өзгермелі әлемге бейімделіп, ЖИ-мен жұмыс істеу үшін қажетті білім мен дағдыларды меңгереді, сондай-ақ озық технологияларды жасау үшін сыни ойлауды дамытады.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – жоғары оқу орындарын білім беруден ғылыми-қолданбалы әдіске көшіре отырып, студенттер мен оқытушылардың ойлау тәсілін терең трансформациялау.