Жаңалықтар
ЖАҢАШЫЛ ПЕДАГОГТЕРДІҢ V ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТІП ЖАТЫР
- Қаралды: 56
Елімізде ғана емес, әлемде педагогтер және маман даярлайтын ЖОО ғалымдары жаңа буынға білім берудің жаңашыл бағыттарын ізденуде. Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде өткен жаңашыл педагогтердің V Халықаралық форумында «Заманауи білім беру: сын-қатерлер, трендтер мен стратегиялар» атты тақырып ғалымдар мен педагогтердің талқысына салынды. Форумға Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Украинаның профессор-оқытушылар құрамы, колледж оқытушылары, мектепке дейінгі тәрбиешілер, жалпы білім беретін мектептер, лицейлер мен гимназиялардың мұғалімдері қатысты.
Форумның мақсаты – педагогтердің шығармашылық әлеуетін кеңейту, оқытудың ғылыми-әдістемелік деңгейі мен сапасын жақсартуға ықпал ету, сондай-ақ адами капитал сапасын арттыру, тұрақты даму тұрғысынан кәсіптік-педагогикалық білім беруді жаңғыртудың негізгі бағыттарын енгізу мен жүзеге асыру бойынша қызметті кеңейту.
Форумның ашылу салтанатында университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ернар Имангалиев құттықтау сөз сөйлеп, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, PhD доктор, білім және жоғары мектебінің профессоры Гао Сун (Қытай, Іле педагогикалық университеті), Ресей инженерлік Академиясының академигі, т.ғ.к., Ресей Энергетика минстрлігінің құрметті энергетигі С.В.Грибков, Қырғыз Республикасы инженерлік Академиясының академигі, т.ғ.к., профессор Д.А.Самбаева, Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы А.Джуватаев өз құттықтауларын жеткізіп, заманауи білім берудегі өзекті мәселелерге тоқталды.
Онлайн және офлайн бағыттағы секцияларда отандық және шет елдік ғалымдардың пленарлық баяндамалары жасалып, ашық дәрістер, инновациялық жобалардың презентациялары, шеберлік-сыныбы, дөңгелек үстелдер, тренингтер өтіп жатыр. Сонымен қатар, халықаралық форумда Әуезов университетінің ғалымдары, студенттер және қаламыздағы мектеп оқушыларының ғылыми жетістіктер көрмесі ұйымдастырылды.
Атап өтейік, форумның өзекті тақырыптарының қатарында элиталық білім беру, білім берудегі жасанды интеллект, инновациялық, ақпараттық және денсаулықты сақтау бойынша оқытудың қазақстандық моделі мәселелері бар.
Форум 29 сәуір күні де жалғасады.