Салиқалы университет
Салиқалы университет
Университетіміз өзінің үшінші миссиясы аясында 2021 жылдан бастап аға буын өкілдерінің шығармашылық және кәсіби дамуына жағдай жасауға және оларды белсенді еңбек қызметіне араласуын қамтамасыз етуге бағытталған «Салиқалы университет» жобасын жүзеге асыруды бастады.
2021-2025 жылдар аралығында «Салиқалы университет» жобасы 4 кезеңде ұйымдастырылып, 64 зейнеткер «Цифрлық куратор», «Бағбан» курстары бойынша өз білімдерін жетілдірді.
Оқыту форматы теория және практика түрінде ұйымдастырылады. Тыңдаушылар университеттің профессор-оқытушылар құрамының дәрістерінен теориялық білімді игеріп, мамандандырылған аудиториядағы интернет желісіне қосылған компьютерлерде жоғары білікті мамандардың көмегімен керекті ақпаратты тәжірибе жүзінде алады.
«Цифрлық куратор» курсы цифрлық технологияларды, интернет-сервистерді меңгеруге көмектесетін, сонымен қатар қауіпсіз интернет пайдалануды қамтамасыз ететін цифрлық кураторларды дайындауға бағытталған. Зейнеткерлер қолданбалы компьютерлік бағдарламалармен, желілермен және интернетпен, электрондық үкімет ресурстарымен танысып, онлайн платформаларда жұмыс істеу дағдыларын үйренеді. Зейнет жасындағы тұлғалар интернеттен ақпарат іздеу, электрондық поштаны тіркеу және қолдану; онлайн қызметтер алу: eGov, интернет-банкинг, дәрігерге жазылу және т.б. дағдыларды қысқа уақыт ішінде меңгере алады.
«Бағбан» (сәндік көгалдандыру маманы) курсы аясында бөлмелік өсімдіктерге, жеміс және сәндік ағаштарға күтім жасау, бақшада күзгі-көктемгі жұмыстарды ұйымдастыру бойынша біліктілігін арттырады. Курстың мақсаты көгалдандыру және бақша өсіру қызметтері бойынша зейнеткерлердің тәжірибелік білімдеріні жетілдіріп, шебер бағбан болуына көмектесу. Бағбаншылық қызмет көрсету бойынша жұмыс істеп, қосымша қаржы көздерін табуына жол көрсету.
Тыңдаушылар курс барысында осы уақытқа дейін өмірден алған тәжірибелері бойынша ақпарат алмасып, өз шеберліктерін ортаға салады. Аулада, бақта өсірген гүлдері мен бақшалық дақылдар бойынша тәжірибелерін бөліседі. Сонымен қатар, лекторлармен бірге өңірдің топырақ құрамы, жергілікті өсімдіктердің түрлері және бағбандыққа қатысты басқа да ақпараттар туралы пікір алмасады.
Университетте «Салиқалы университет» жобасының аясында төмендегі курстардың бағдарламасы даярланды:
«Бала күтуші»
«Гүлді бөлме өсімдіктері»
«Сауықтыру билері»
«Копирайтер»
«Мәдени-көпшілік жұмыстарын ұйымдастырушы» (шағын топтарға арналған іс-шаралар).






