Жаңалықтар
ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН ЛОУРЕНС ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ АРАСЫНДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
- Қаралды: 83
2025 жылдың 23 сәуірінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дархан Ахмед-Заки Лоуренс Технологиялық университетіне (Lawrence Technological University, LTU, АҚШ) ресми сапармен барып, университет президенті, профессор Тарек Собхпен келіссөздер жүргізді.
Кездесу аясында тараптар жоғары білім беру және ғылыми зерттеулер саласындағы әріптестікті дамыту перспективаларын талқылады. Келіссөздердің нәтижесінде екі университет арасындағы халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Өзара түсіністік туралы меморандумға (Memorandum of Understanding, MoU) қол қойылды.
Меморандум шеңберінде тараптар бірнеше негізгі бағыттар аясында бірлескен жұмыстарды іске асыруды жоспарлап отыр. Олардың арасында – инновациялық орталық құру, архитектура және дизайн, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар, бизнес, ақпараттық технологиялар, инженерия және медициналық ғылымдар салаларында бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу көзделген. Сонымен қатар, академиялық алмасу бағдарламаларын жүзеге асыру, оқытушылардың біліктілігін арттыру, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және студенттерге стипендиялық қолдау көрсету жоспарланып отыр.
Меморандумға қол қою М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың халықаралық ынтымақтастығын дамытудағы маңызды қадам болып, бұл оқытушылар мен студенттерге академиялық ұтқырлықты арттыруға, халықаралық білім беру бастамаларына және жаһандық деңгейдегі ғылыми жобаларға қатысуға мүмкіндіктер ашады.