М. ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ – РЕКТОРЫ Д. Ж. АХМЕД-ЗАКИ ӨЗБЕКСТАННЫҢ ЖЕТЕКШІ УНИВЕРСИТЕТТЕРІ БАСШЫЛЫҒЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Ташкент, Өзбекстан – 2025 жылғы 26 наурыз

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы – ректоры Дархан Ахмед-Заки жұмыс сапары аясында Өзбекстан Республикасына барып, Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің ректоры Иномжон Маджидовпен кездесті. Кездесу барысында тараптар университеттер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен перспективаларын талқылап, бірқатар маңызды бастамалар көтерді.

Кездесу қорытындысы бойынша «Химия» мамандығы бойынша магистрлерді даярлауға арналған екі дипломды білім беру бағдарламасын іске қосу туралы келісімге қол қойылды. Бұл бағдарлама студенттерге екі университеттің дипломын алу мүмкіндігін беріп, кәсіби білімдерін тереңдетуге және академиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасайды.

Сапар аясында «Молекулалық және жасушалық биотехнология» зертханаларына шолу жасалды. Ректор Иномжон Маджидов зертхананың заманауи жабдықтарын таныстырып, олардың білім беру үдерісінде (дәрістер, практикалық сабақтар, дипломдық жұмыстарды орындау), ғылыми-зерттеу қызметінде (магистрлік және PhD диссертациялары, ізденушілер мен зерттеуші тағылымгерлердің жұмыстары, гранттар мен шаруашылық келісімшарттық зерттеулерді орындау) қолданылуы және Өзбекстанның өнеркәсіптік кәсіпорындары мен ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастық шеңберінде пайдаланылуы туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Осы күні ОҚУ делегациясы Ташкент химия-технология университетіне (ТХТУ) сапар жасады. Келіссөздер барысында тараптар «Тағам инженериясы» және «Биотехнология» бағыттары бойынша бірлескен білім беру бағдарламасын әзірлеу туралы келісімге қол жеткізді. ТХТУ-дың жетекші ғалымдары ауыл шаруашылығы және химия зерттеулері саласындағы соңғы ғылыми жетістіктері мен әзірлемелерін таныстырып, ОҚУ ғалымдарымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып өтті.

Сапардың қорытындысын түйіндей келе, ректор Дархан Жұмақанұлы Өзбекстанның жетекші жоғары оқу орындарындағы кездесулердің басты мақсаты – ғылыми әлеуетті кеңейту, академиялық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен конференциялар ұйымдастыру, сондай-ақ академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттер алмасуын қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Бұл сапар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Ол мамандарды даярлау сапасын арттыруға және озық ғылыми зерттеулер мен білім беру жобаларын бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді.


Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru

info@auezov.edu.kz

Please publish modules in offcanvas position.