ӨЗБЕКСТАНДЫҚ СЕРІКТЕС ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫМЕН ЖОҒАРЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Ташкент, Өзбекстан – 2025 жылғы 26 наурыз

Білім және ғылым саласындағы екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және нығайту мақсатында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің ректоры Дархан Ахмед-Заки бастаған делегация Өзбекстан Республикасының серіктес жоғары оқу орындарыМирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті, Ш. Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университеті және Ташкент химия-технология институтымен кездесті.

2024 жылдан бастап Чирчик қаласында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филиалы табысты жұмыс істеп келеді. Бұл филиал Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Ш. Мирзиёев арасындағы келісімдердің нәтижесінде ашылды. М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың Өзбекстандағы филиалы секілді халықаралық білім беру платформаларын құру және дамыту студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейтуге, тәжірибе алмасуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қазақстандық делегация сондай-ақ Өзбекстан Республикасының Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрі Қ. Шариповпен кездесіп, жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелері мен Чирчик қаласындағы М. Әуезов атындағы ОҚУ филиалын одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, келесі бастамаларды жүзеге асыру ұсынылды:

Филиал базасында ғылыми кадрларды даярлау,

Қазіргі ғылыми бағыттар бойынша жыл сайынғы бірлескен ғылыми форумдар ұйымдастыру,

Жазғы ғылыми мектептерді өткізу,

Өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін технологиялық сессиялар ұйымдастыру, оған екі елдің ғылыми қауымдастығының өкілдері қатысады,

Осы оқу жылынан бастап бакалавриат және магистратура деңгейінде IT саласы бойынша инновациялық білім беру бағдарламаларын іске асыру.

Серіктес жоғары оқу орындарымен өткізілген кездесулердің нәтижесінде қолданбалы химия бағыты бойынша қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосу туралы келісімдерге қол қойылып, бірлескен ғылыми жобалар мен серіктес университеттердің зертханаларында ғалымдардың жұмысын ұйымдастыру жөнінде уағдаластықтар жасалды.

«Біздің университет аймақтағы жоғары білім және ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың жетекші орталығына айналуды көздейді. Чирчиктегі филиалды дамыту – бұл тек Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы білім беру байланыстарын нығайту қадамы ғана емес, сонымен қатар елдеріміздің ғылымы мен инновациясын дамытуға үлес қосатын жоғары білікті мамандарды даярлау мүмкіндігі. Біз ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейтіп, Өзбекстан Республикасындағы ғылыми ұйымдар мен индустриялық серіктестер үшін ғылыми-білім беру қызметтерін экспорттау арқылы дамытуға ниеттіміз», – деп атап өтті Дархан Ахмед-Заки.

Бұл сапар екі елдің білім беру мекемелері арасындағы әріптестікті тереңдетуге бағытталған маңызды қадам болды және М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың шетелдік серіктестермен нәтижелі халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуға деген ұмтылысын тағы бір мәрте растады.


Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru

info@auezov.edu.kz

Please publish modules in offcanvas position.