Жаңалықтар
Орта Азия ғалымдары ОҚМУ-да бас қосты
- Қаралды: 347
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Заманауи білім беру: сын-қатерлер, трендтер және стратегиялар» атты жаңашыл педагогтардың ІІ-ші Халықаралық форумы болып өтті.
Форумның жұмысына ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Ешенқұлов Талғат Ілиясұлы, көптеген шетелдік жоғары оқу орындары Өзбекстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Түркия жоғары оқу орындарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Нұрсұлтан, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Тараз, Орал, Ақтөбе, Түркістан қалаларында орналасқан жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері, колледждер мен мектептердің директорлары, мұғалімдер қатысты.
Форум модераторы, университет ректоры Дария Қожамжарова халықаралық форумында қарастырылатын мәселелердің өте өзекті және ауқымы кең екендігіне тоқталып, педагог-ұстаздардың еңбегін: «Қазақта бұрындары балаларға берілер батаның үлкені «айналайын, мұғалім бол!» болатын. Себебі, ауылда болсын, қалада болсын, мұғалім зиялы адам есептелетін. Мұғалімді ұстаз санап, әркім сыйлайтын, құрмет тұтатын. Қазіргі саяси тұлғалардың қайсысын алсаңыз да білім берген мұғаліміне еліктеді, үлгі алды. Тіпті мұғалім болуды армандады. Әлемде бүгінде мыңдаған мамандық бар деп есептеледі. Бірақ, қандай қоғам, қандай заманауи өзгерістер болмасын, білім саласында мұғалім – шешуші тұлға болып қала беретіні даусыз» деген сөздерімен ерекше бағалап өтті.
ҚР Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинованың арнайы құттықтау хатын министрліктің комитет басшысы Талғат Ешенқұлов оқып берді. Министрдің құттықтауында: «Форум оқытудағы озық білім беру тәжірибесін және үздік ақпараттық-педагогикалық технологияларды насихаттауға, оқытушылардың кәсіби шеберлік деңгейін арттыруға, озық тәжірибемен және үздік әдістемелік практикамен алмасуға, білім беру үдерісін әдістемелік қамтамасыз ету сапасын жақсартуға, ЖОО оқытушылары мен мектеп мұғалімдерінің педагогикалық шығармашылығын қолдап-қуаттауға және ынталандыруға ықпал ететін болады. Бүгінгі форумда еліміздің жоғары оқу орындары мен шетелдік жоғары оқу орындарының жаңашыл педагогтары бас қосып отыр. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың педагогикалық ұжымы мен форум қатысушылары еліміздің білім беру жүйесінің алдында тұрған аса жауапты міндеттердің үдесінен шыға біледі деп сенемін. Жаңашыл педагогтардың ІІ халықаралық форумының қатысушыларына нық сенім, шығармашылық табыстар мен жеңістер тілеймін!» делінген.
Форумның пленарлық отырысында Түркия мемлекеті Балыкесир университетінің PhD докторы, профессор Джемал Окуйан, Өзбекстан Республикасы, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Альбина Садыкова, қазақстандық белгілі ғалымдар Алматылық профессор Б.Тұрғынбаева, Тараздық академик К.Бұзаубақова, университет профессоры Е.Қозыбаев, Қазақстанның Еңбек Ері А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясы биология пәнінің мұғалімі Алина Соловьева баяндама жасады.
Форум секциялық отырыстарға жалғасып, онда ғалымдар «Заманауи білім берудегі әлемдік трендтер мен стратегиялар» және «Қазақстан Республикасындағы болашақ білім беру трендтері» тақырыптарында талқылаулар өткізді.