Жаңалықтар
Жас педагог-ғалымдар ОҚМУ-да бас қосты
- Қаралды: 426
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жас педагог-ғалымдардың республикалық слеті өтті. Екінші рет ұйымдастырылып отырған алқалы жиынға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Талғат Ешенқұлов, жоғары оқу орындарының ректорлары мен Жас педагог-ғалымдар қауымдастығының мүшелері қатысты.
«Жастар жылында жастар жарқырасын» тақырыбында өткен басқосуды Әуезов университетінің ректоры Дария Қожамжарова құттықтау сөзбен ашты.
– Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен бастау алған слеттің эстафетасын М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті қабылдаған болатын. Бүгінгі жиын – мемлекет пен қоғамның тұтастай дамуын қамтамасыз ету мақсатында, жас ғалымдардың ғылыми зерттеулері мен практикалық жұмыстардың нәтижелерін алмасуға мүмкіндік беретін ірі алаң. Елбасының Жарлығымен биылғы жыл «Жастар жылы» деп жариялаған болатын. Тұңғыш Президентіміз жастар жылының салтанатты ашылуында «Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз» деген болатын. Биылғы жылдың Жастар жылы болып жариялануы – барлық жастың ортақ қуанышы. Бұл Сіздерге мол мүмкіндіктер мен серпілістерге жол ашатынына сенімдімін, – деді Дария Пернешқызы өз сөзінде.
Сондай-ақ ол оқу орнында жас ғалымдарды қолдап-қуаттау бағытында атқарылып жатқан ілкімді істерге тоқталды.
– Соңғы жылдары еліміздің жас ғалымдары ғылымның барлық салаларында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Жаңашылдыққа М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жас ғалымдары да ерекше үлес қосуда. Бүгінде университетте жалпы қаржыландыру көлемі 1 млрд. теңгеден астам 120-дан астам ғылыми жоба мен бағдарламалар орындалуда. Гранттық жобаларға қатысатын докторанттар мен магистранттар 40 пайызды құрап отыр. Қазақстанның жоғары оқу орындарының ТОП-50 Бас рейтингісіне енген 15 ғалымның ішінде, екі жас ғалымдарымыз бар. Олар – Айым Тлеуова мен Алтын Есіркепова. Отандық химия саласында жүрген әріптесіміз, «Экология» кафедрасының доценті, жас ғалымдар кеңесінің белсенді мүшесі Ғани Ізтілеуов еліміздің танымал ғалымдармен бірлесе отырып мықты металдардың бірі – титанды ерітуде әлемдік жаңалық ашты. Жұмыстың жетекшісі – Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, – деп атап өтті Дария Қожамжарова.
Ал Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Талғат Ешенқұлов еліміздегі іргелі оқу орнының бірі – Әуезов университетіндегі жиын білім мен ғылым саласындағы жаңа үрдістердің ішкі мәнін ашып, оларды дамыту мен насихаттаудың жаңа жолдарын ұсынатынын алға тартты.
– Жиынға жиналған жас ғалымдар өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік сыныптарын өткізбек, өздері жасаған оқытудың заманауи технологияларын көпшілік назарына ұсынбақ екен. Сонымен қатар осы өңір мен тұтастай алғанда елдің ғылымы мен техникасы саласындағы жаңашылдықты тарату және енгізу мәселесін көтеріп отыр, – деді Талғат Ешенқұлов. – Өздеріңіз сияқты креативті жас ғалымдардың зерттеулерін қолдау және ынталандыру, интеллектуалды жастарға әлеуметтік және экономикалық қолдау көрсету, жастардың ғылыми ынтымақтастығы бағдарламаларын әзірлеу және стипендиялық, гранттық зерттеу жобаларына тарту үдерісі осындай жиындардан кейін жаңа серпілістерге ие болуы керек.
Басқосуда Қазақстан жас педагог-ғалымдары қауымдастығының төрағасы Мөлдір Әбдрайымова ұйымның жұмыс туралы кеңірек тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде қауымдастыққа еліміздің 20 педагогикалық жоғары оқу орны мүше. Ұйымның бастамасымен қолға алынған жобалар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен «Болашақ» университетінде іске асырылуда. Қазіргі күнде Өзбекстан, Түркия және Ресейдегі Жастар Одақтарымен келіссөз жүргізілуде.
Сонымен қатар кеңесте «Болашақ» университетінің ректоры Қуаныш Дәуренбеков «Жастар басқаруда: бифуркация нүктесінде», «Халықаралық педагогикалық шығармашылық және ғылымды дамыту қоры» Қоғамдық қорының Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Шолпан Сатенова «Қазақстан Республикасының жас педагогтардың заманауи дамуындағы қоғамдық қордың рөлі» және «ASAA» ХҚҰ Президенті, Қазақстандағы ЕҚЫҰ жастар елшісі Данара Саранова «Инновациялық оқыту әдістері мен жастарды ғылымға тарту» тақырыптарында баяндама жасады.
Слет қарсаңында Әуезов университетінің жанынан жарық көрген «Qazaqtaný» және «М. Әуезов атындағы ОҚМУ магистранттары, PhD докторанттары мен жас ізденушілердің ғылыми еңбектерінің жинағы» ғылыми журналдарының презентациясы өтті. Бұл басылымдар оңтүстік өңіріндегі жас ғалымдардың ғылыми жаңалықтары мен идеяларын көпшілікке кеңінен таныту мақсатында шығып отыр.
Екі күнге созылған слет соңында Қазақстан жас педагог-ғалымдар қауымдастығының жаңа мүшелеріне куәлік беріліп, қатысушыларға сертификат табысталды.
Айта кетейік, 2018 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұйытқы болуымен Қазақстан жас педагог-ғалымдары Қауымдастығы құрылған болатын. Қарымы мен қабілеті, таланты мен дарыны тоғысқан жастардың ортақ сұхбат алаңын құруды, олардың ғылыми идеялары мен жаңалықтарын жүзеге асыруға ықпал етуді мақсат еткен ұйымның құрылғанына бір жылға жуық уақыт өтсе де бірқатар игілікті істерге ұйытқы болып, бастама танытты.