Төлеген Мұхтар Әділбекұлы

Төлеген Мұхтар Әділбекұлы Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында педагогтар отбасында дүниеге келген.
1997 жылы №1 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті үздік бітіріп, сол жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік заң университетіне оқуға түсті. 2001 жылы аталған жоғары оқу орнының Тергеу-криминалистік факультетін «Құқықтану» мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдады.
2002–2006 жылдары Қазақ мемлекеттік заң университетінің Мемлекет және құқық институтының аспирантурасында білім алып, 2006 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін иеленді.
2011 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы, ал 2018 жылы профессор ғылыми атағы берілді.
Білімін үздіксіз жетілдіру мақсатында 2016–2018 жылдары І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде «Экономика» мамандығы бойынша өндірістік секторда білім алды. 2022 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасы бойынша тәмамдап, бакалавр дәрежесін алды.
Еңбек жолын 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетінің Солтүстік Қазақстан заң институтында (Павлодар қаласы) бастады. 2001–2003 жылдары ұйымдастыру-кадрлық қамтамасыз ету бөлімінің бірінші санаттағы маман-аудармашысы, заңгер, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы, сондай-ақ қылмыстық-құқықтық және азаматтық-құқықтық пәндер кафедрасының оқытушысы қызметтерін атқарды.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің запастағы капитаны. (ҚР ҚМ 04.05.2023ж. шешімі, №142-ОҚ бұйрық).
2012 жылдан бері Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің (РОӘК) мүшесі, сондай-ақ ЕурАзЭҚ Білім беру жөніндегі кеңесінің Интеграция комитетінің (Минск қаласы) мүшесі.
2019 жылы Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі болып сайланды. Сол жылы Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі атанды.
2019 жылғы қыркүйектен 2021 жылғы наурызға дейін Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті жанындағы диссертациялық кеңестің мүшесі болды.
2019 жылғы қарашадан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының Шығыс Қазақстан филиалының төрағасы қызметін атқарды.
2020 жылғы қыркүйектен бастап Армения, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Малайзия, Ауғанстан және Өзбекстан мемлекеттерінің жоғары оқу орындарын біріктіретін Азия университеттері қауымдастығының вице-президенті.
2021 жылы Өскемен қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды.
2021 жылғы маусымнан бастап Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшесі болды.
2021 жылы Ұлттық заң академиясының толық мүшесі (академигі) болып сайланды.
2023 жылы Шығыс Қазақстан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жанындағы педагогикалық этика кеңесінің мүшесі болды. 2024 жылы ШҚО білім басқармасының, Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің қамқоршылық кеңесінің мүшесі болып сайланды.
Ғылыми еңбектері: 4 оқу құралы мен 3 монографиясы жарық көрген. 70-тен астам ғылыми мақаласы мен баяндамалар тезистері Қазақстанмен қатар Түркия, Германия, Беларусь және Ресей Федерациясының беделді ғылыми басылымдарында жарияланған. Оның ішінде 4 ғылыми мақаласы Scopus халықаралық деректер базасына енгізілген.
Халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған еңбектерінің бірі – «Issues of State Organs, Social Organizations and Mass Media Interaction in the Struggle Against Crime in the Republic of Kazakhstan» атты ғылыми мақаласы. Аталған еңбек Middle East Journal of Scientific Research халықаралық ғылыми журналында (Scopus деректер базасы, CiteScore – 2.0) жарияланған.
Ғылыми тағылымдамалар:
2012 жылы Шығыс-Еуропа құқығы Мюнхен институтында (Германия), 2013 жылы Валенсия политехникалық университетінде (Испания) ғылыми тағылымдамадан өтті. 2014 жылы «Назарбаев университеті» ДББҰ мен Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебі базасында (Сингапур) Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары басшыларының біліктілігін арттыру курстарынан өтті. 2021 жылы Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінде (Омбы қ.) «Білім беру менеджері» курсынан өтті. 2023 жылдың қыркүйек айында Академиялық көшбасшылық институты (Bath University, Reading University және Cardiff Metropolitan University) (Ұлыбритания, Лондон қ.) бағдарламасы шеңберінде біліктілікті арттыру курсынан өтті.
Мемлекеттік және ведомстволық наградалар мен марапаттар:
2014 жылы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталып, осы жылы «ЖОО Үздік оқытушысы - 2014» атағын иеленді. 2015, 2021 жж. ҚР Тұңғыш Президентінің алғысымен марапатталды. 2017 жылы «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, 2020 жылы «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерейтойлық медалімен, 2021 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің Алғысымен, 2021 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалімен, 2022 жылы «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен және «Қазақстан Республикасының құқық тәртіп әскеріне 30 жыл» төсбелгісімен марапатталды.
2022, 2024 жж. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды.
2022 жылы «Қазақстан полициясына 30 жыл» төсбелгісімен және сол жылы «Қазақстан Республикасының сот жүйесіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
2024 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Р. Шер атынан Алғыс хатпен марапатталды.
2025 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» мерекелік медалін иеленді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы алғыс хатымен бірге «Алтын барыс» төсбелгісімен марапатталды сонымен қатар 2025 жылдың 21 қазандағы Жарлығымен «Құрмет» орденімен наградталды.
Төлеген Мұхтар Әділбекұлы 2026 жылғы 13 шілдедегі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының Басқарма төрағасы-ректорын сайлау жөніндегі республикалық комиссия отырысының нәтижесінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті КеАҚ Басқарма төрағасы–ректоры лауазымына тағайындалды.
