Бурибаев Жолдас Алладинович

Бурибаев Жолдас Алладинович

Басқарма мүшесі, Цифрлық трансформация жөніндегі проректор, философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор

Бурибаев Жолдас Алладинович 1987 жылғы 29 сәуірде дүниеге келген.

2004 жылы Шеңгелді ауылындағы №6 орта мектепті тәмамдап, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Информатика» мамандығына оқуға түсті. 2008 жылы аталған оқу орнын үздік аяқтап, «Информатика» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды.

2008 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Информатика» мамандығы бойынша магистратурасына түсіп, 2010 жылы жаратылыстану ғылымдарының магистрі дәрежесін алды.

Еңбек жолын 2009 жылы Алматы қаласындағы «Нұрбанк» АҚ филиалында бас маман қызметінен бастады. Кейін «Нұрбанк» АҚ-да бас инженер-бағдарламашы, «Сбербанк России» ЕБ АҚ-да жетекші маман және «Еуразиялық банк» АҚ-да бас маман қызметтерін атқарды. Банк саласында еңбек еткен жылдары ақпараттық технологиялар, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және бизнес-процестерді автоматтандыру бағыттарында мол тәжірибе жинақтады.

2016 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Информатика, есептеу техникасы және басқару» мамандығы бойынша докторантурасына оқуға түсіп, 2020 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, философия докторы (PhD) дәрежесін алды.

2017 жылдың қыркүйек айынан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушылық қызмет атқарады. 2020 жылы аға оқытушы лауазымына тағайындалды. 2021 жылғы қыркүйектен 2023 жылғы мамырға дейін Ақпараттық технологиялар факультеті деканының ғылыми-инновациялық және халықаралық қызмет жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2023 жылғы мамырдан желтоқсанға дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры болды.

2024–2025 жылдары Германиядағы Дрезден техникалық университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті. 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы мамырға дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Жасанды интеллект және робототехника» зертханасының меңгерушісі қызметін атқарды.

2022 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік атағына ие болды.

2026 жылы оған «Компьютерлік ғылымдар және информатика» ғылыми бағыты бойынша қауымдастырылған профессор (Associate Professor) ғылыми атағы берілді.

2017–2020 жылдары «Заманауи сөйлеу және мобильді технологиялар негізінде вербалды-интерактивті роботтарды әзірлеу» ғылыми-зерттеу жобасында кіші ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеді.

2020–2022 жылдары «Машиналық көру және бейнелерді тану технологиялары негізінде ауыл шаруашылығы алқаптарына қызмет көрсететін мобильді роботқа арналған интеллектуалды ақпараттық технологияларды әзірлеу» ғылыми-зерттеу жобасында ғылыми қызметкер болды.

2024 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Машиналық оқыту әдістерін қолдана отырып, бүйрек трансплантациясы реципиенттерінде трансплантацияға дейін трансплантаттың өміршеңдігін дербес болжау» ғылыми жобасының жетекшісі әрі аға ғылыми қызметкері болып табылады.

Ғылыми қызығушылықтары жасанды интеллект, машиналық оқыту, үлкен деректерді талдау (Big Data), робототехника, компьютерлік көру, интеллектуалды ақпараттық жүйелер, цифрлық трансформация және жасанды интеллект технологияларын медицина саласында қолдану бағыттарын қамтиды.

2026 жылдың маусым айынан бастап М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Цифрлық трансформация жөніндегі проректор қызметіне тағайындалды.


Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru


Please publish modules in offcanvas position.

AI Icon AI Ассистент — Задайте вопрос