Кезектен тыс ғылыми кеңес отырысы өтті

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Төлегеннің төрағалығымен Ғылыми кеңестің кезектен тыс отырысы өтті. Күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Соның негізгісі  Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған 2026 жылғы ғылым саласындағы сыйлықақылар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар конкурстарына университет атынан ұсынылатын үміткерлерді қарау болды.
 
Бұл жөнінде Жарияланымдық белсенділік департаментінің директоры Ж. Серікұлы баяндама жасап, мемлекеттік ғылыми стипендияға, талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияға, жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік жұмысы үшін жас ғалымдарға берілетін Д.А. Қонаев атындағы сыйлықақыға және гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми зерттеуі үшін берілетін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықақыға ұсынылған кандидаттардың ғылыми жетістіктері мен зерттеу еңбектерін таныстырды. Талқылау қорытындысы бойынша университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлерінің 23 жұмысы Ғылыми кеңес мүшелерінің бірауыздан қолдауына ие болды.
 
Отырысты қорытындылаған Басқарма төрағасы-ректор Мұхтар Төлеген білім беру сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу қызметін жетілдіру және университеттің бәсекеге қабілеттілігін нығайту бағытындағы басым міндеттерге тоқталды. Оның айтуынша, білім сапасын көтеру үшін ең алдымен студенттердің академиялық даярлық деңгейіне мән беріп, білімге құштар, әлеуеті жоғары талапкерлерді тарту қажет. Осы ретте мектепті «Алтын белгі» белгісімен аяқтаған түлектерді университетке көбірек қабылдауға басымдық беру маңызды.
 
Сонымен қатар ректор жас ғалымдарды қолдау, ғылыми кадрлардың жаңа буынын қалыптастыру және олардың зерттеу жұмыстарын дамытуға жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Ғылыми әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында ғалымдарды бірыңғай ғылыми кампусқа шоғырландырып, зерттеу бағыттарын үйлестіру, бірлескен жобаларды дамыту және ғылыми қызметті жүйелі ұйымдастыру міндеттерін белгіледі.
 
Бұдан бөлек, университеттің QS World University Rankings (QS WUR) халықаралық рейтингіндегі позициясын жақсарту, түлектерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және кәсіби бағдар беру жұмыстарын жетілдіру мәселелеріне назар аударды. Бұл бағыттарда жүйелі жұмыс жүргізу білім беру сапасын арттырып қана қоймай, университеттің ғылыми және академиялық әлеуетін нығайтуға да мүмкіндік береді.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@auezov.edu.kz


Please publish modules in offcanvas position.