Жаңалықтар
Шәкірт тәрбиелеген ұлт шарапаты: Әуезов университетіндегі құрмет
- Қаралды: 42
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Қазақстан Республикасының Жоғары білім қызметкерлері және Ұстаздар күніне орай мерекелік шара өтті. Салтанатты жиын білім беру мен отандық ғылымды дамытуға үлес қосып жүрген профессор-оқытушылар құрамына құрмет көрсетуге арналды.
Мерекелік кеште еңбегі еленген бірқатар оқытушылар жоғары марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, оқу орнының үздіктері Ғылым және жоғары білім министрінің «Құрмет грамотасымен» және «Алғысымен», Шымкент қаласы әкімінің, сондай-ақ «Әділет» партиясының Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл – ұстаздардың білім беру, ғылымды дамыту және жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбегіне берілген лайықты баға.
Бүгінде Әуезов университетінде 1556 профессор-оқытушы табанды еңбек етіп келеді. Олардың қатарында 72 ғылым докторы, 397 ғылым кандидаты және 162 PhD докторы бар. Бұл көрсеткіш қара шаңырақтың жоғары ғылыми-педагогикалық әлеуетін айғақтайды. 80 жылдан астам тарихы бар оқу орны осы уақытқа дейін 240 мыңнан астам маман даярлап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді.
Ұстаз еңбегі – ұлт болашағына жасалған негізгі инвестиция. Сондықтан әрбір оқытушының кәсіби дамуына жағдай жасау, ғылыммен айналысатын жас мамандарды қолдау және жоғары білім сапасын арттыру басты міндет.
Университет ұстаздарын айтулы мерекесімен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық және шығармашылық ізденістеріне толағай табыс тілейміз!
Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз


















