Білім беру ұйымдарына қойылатын біліктілік талаптары талқыланды

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде жоғары білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына арналған семинар өтті.
 
Семинардың негізгі спикері – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Артур Еділханов. Университеттің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Рысгүл Құдретуллаева семинардың білім сапасын жетілдірудегі маңызын атап өтті. Жиынға профессор-оқытушылар құрамы, құрылымдық бөлім басшылары мен кафедра меңгерушілері қатысты.
 
Жиында білім беру қызметіне қойылатын заманауи біліктілік талаптары, нормативтік-құқықтық актілерді сақтау, мемлекеттік бақылау кезінде жиі кездесетін қателіктердің алдын алу мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ мемлекеттік бақылауды жоспарлау, білім сапасын сырттай бағалау, бақылау жүйесін автоматтандыру және «Таза парақтан реттеу» саясаты аясындағы өзгерістер түсіндірілді. Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары (КВТ), оларға сәйкестікті растайтын құжаттар және талаптардағы негізгі өзгерістерге ерекше назар аударылды.
 
Қатысушылар магистрлік және докторлық диссертацияларға ғылыми жетекшілерді тағайындау, оқытушылардың базалық білімі мен ғылыми дәрежесінің пән бейініне сәйкестігі, біліктілікті арттыру және басқа да өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойып, ұсыныстарын ортаға салды.
 
Артур Еділханов көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды университет басшылығымен бірлесіп талқылау білім беру сапасын одан әрі жетілдіруге бағытталған нақты шешімдер қабылдауға негіз болатынын атап өтті.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru


Please publish modules in offcanvas position.