Жаңалықтар
«Жасанды интеллект әлеміне саяхат»: танымдық-интерактивті іс-шара өтті
- Қаралды: 29
«Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» кафедрасының меңгерушісі С.Т. Ахметова басшылығымен, оқытушы, топ тәлімгері А.А. Отарбаева ұйымдастыруымен 12–14 жас аралығындағы «Өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығы» КММ тәрбиеленушілеріне арналған «Жасанды интеллект әлеміне саяхат» атты танымдық-интерактивті іс-шара өтті.
Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдерге жасанды интеллект (ЖИ) туралы қарапайым әрі түсінікті тілде ақпарат беру, технологияға деген қызығушылығын арттыру және заманауи цифрлық құралдарды қолдануға ынталандыру.
Бағдарлама барысында қатысушылар университетпен танысып, мамандықтар туралы ақпарат алды. Интерактивті форматта өткен кездесуде балалар өз армандарымен бөлісіп, жасанды интеллект мүмкіндіктерімен танысты.
Практикалық бөлімде оқушылар: ChatGPT арқылы мәтін және идеялар құруды, D-ID және Renderforest көмегімен суреттерді анимациялауды, Gamma арқылы презентация жасауды үйренді.
Іс-шара соңында қатысушылар болашақ мамандықтары туралы ой бөлісіп, университет кітапханасы мен музейіне экскурсия жасады. Кездесу пайдалы әрі әсерлі смузи-брейкпен аяқталды.
Қасиетті Рамазан айына сәйкес келген бұл жобаның соңында ИП-25-6к1 және ИП-25-6к2 топтарының бірқатар студенттері қайырымдылық мақсатында аталған мекемеге қажетті құрал-жабдықтарды сыйға тартты. Бұл игі бастама студенттердің әлеуметтік жауапкершілігін, жанашырлығын және қоғамға деген қамқор көзқарасын айқын көрсетті.
Аталған іс-шара балалардың цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, мейірімділік пен қолдаудың маңызын дәріптеген тәрбиелік мәні зор кездесу болды.




