AGROBIOTECH DAY: студенттер аграрлық ғылымның инновациялық әлеуетімен танысты

Аграрлық ғылымның жаңа жетістіктері мен өндірістік инновациялар бір алаңда тоғысты. Auezov University-де ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай алғаш рет «AGROBIOTECH DAY – 2026» ғылыми-инновациялық іс-шарасы өтті.
 
Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған аграрлық секторды технологиялық жаңғырту, ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерімен үндес. Іс-шараның мақсаты – аграрлық ғылым мен өндірістің жетістіктерін таныстыру, ғылыми әзірлемелерді насихаттау және жастардың ауыл шаруашылығы, биотехнология мен өңдеу өнеркәсібіне қызығушылығын арттыру.
 
Көрме алаңында еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибе станциялары өз әзірлемелерін ұсынды. Олардың қатарында Ә. Бөкейхан атындағы Орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ҒЗИ Қызылорда филиалы, Красноводопад ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ мен оның Талғар, Сарыағаш, Қайнар филиалдары, Қазақ мақта шаруашылығы ҒЗИ және Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ бар.
 
Университеттің «Биотехнология және агроинновация» ҒЗИ құрамындағы бес зертхана да ғылыми нәтижелерін таныстырды. Сонымен қатар көрмеге «Рахат-Шымкент», «Бөрте Milka», «DALA FRUIT.KZ», «GoldBee», «АЛМА» кооперативі, «Гүлмайра» шаруа қожалығы және Ленгер қаласындағы балмұздақ өндіруші кәсіпорын қатысып, отандық өнімдерін ұсынды. Осылайша студенттер аграрлық ғылымның заманауи бағыттарымен танысып, ғылыми әзірлемелер мен өндіріс тәжірибесін бір алаңда көруге мүмкіндік алды.
 
«AGROBIOTECH DAY» бастамасының негізгі ұйымдастырушысы – университет жанындағы «Биотехнология және агроинновация» ғылыми-зерттеу институты. Іс-шараның ашылуында Ғылыми жұмыс және инновациялар жөніндегі проректор Хайдар Тасибеков аграрлық ғылымның ел экономикасындағы маңызын атап өтіп, ғылыми ізденістерді өндіріс сұранысымен ұштастыру қажеттігіне тоқталды.
 
Институт директоры Құттымұрат Тағаев бастаманың ғылыми әлеуетті арттыруға, жастардың аграрлық салаға қызығушылығын оятуға және зерттеу нәтижелерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беретінін айтты.
«Институтымыздың құрылғанына көп уақыт болмаса да, ғылым мен өндірісті жақындастыруға бағытталған бастамаларды қолға алып келеміз. Мақсатымыз – университет ғалымдары мен студенттерін ғылыми жаңалықтармен таныстырып қана қоймай, оларды тәжірибеде қолдануға және өндіріс орындарымен байланыс орнатуға мүмкіндік жасау. Сондай-ақ жастар арасында агромәдениетті қалыптастырып, ауыл шаруашылығын биотехнология, генетика, молекулалық селекция, цифрлық технологиялар мен автоматтандыруды қамтитын заманауи ғылым саласы ретінде танытуды көздейміз. Алдағы уақытта «AGROBIOTECH DAY» іс-шарасын дәстүрлі түрде өткізіп, ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмыз», – деді институт директоры.
 
Ғылым мен өндіріс байланысын нығайту аясында университет пен үш ғылыми-зерттеу институты, сондай-ақ екі кәсіпорын арасында бес ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы, Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы, Қазақ мақта шаруашылығы ҒЗИ-мен «DALA FRUIT.KZ» ЖШС және «Бөрте Milka» кәсіпорнымен әріптестік орнатылды. Келісімдер бірлескен зерттеулер жүргізуге, ғылыми әзірлемелерді сынақтан өткізуге, инновациялық жобаларды өндіріске енгізуге және студенттердің практикалық даярлығын жетілдіруге жол ашады.
 
Бағдарлама аясында аграрлық ғылым мен өндірістің дамуына үлес қосқан бірқатар азамат университеттің «Мұхтар Әуезов» төсбелгісімен марапатталды. Іс-шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@auezov.edu.kz


Please publish modules in offcanvas position.