Инфрақұрылымнан атом энергетикасына дейін: Жолдау басымдықтары түсіндірілді

 Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басымдықтарды насихаттауға арналған жиын өтті.
Іс-шараны университет ректорының міндетін уақытша атқарушы Рысгүл Құдретуллаева ашып, Президент Жолдауында көтерілген міндеттерді жүзеге асыруда жоғары оқу орындарына үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Оның айтуынша, ел дамуының басым бағыттарына сай мамандар даярлау, ғылымды дамыту және заманауи технологияларды білім беру үдерісіне енгізу – университеттің негізгі міндеттерінің бірі.
Жиында құрылыс, су ресурстары, атом энергетикасы және азаматтық жауапкершілік бағыттары бойынша баяндамалар жасалып, Президент Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асырудағы университеттің рөлі кеңінен насихатталды.
Алғашқы болып «Құрылыс және инфрақұрылымды дамыту мәселелері» тақырыбында баяндама жасаған Асқар Мамырбаев Мемлекет басшысы ұсынған «Халықтық құрылыс» бастамасының маңызын түсіндірді. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін білікті сәулетшілер мен қала құрылысы мамандары қажет екенін атап өтті. Осы орайда «Сәулет және қала құрылысы» кафедрасының басты міндеті – сала сұранысына сай кәсіби мамандар даярлау екені айтылды.
Техника ғылымдарының кандидаты, доцент Парида Сұлтанбекова «Су ресурстары – ұлттық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың негізі: Президент Жолдауы аясындағы міндеттер» тақырыбында баяндама оқыды. Ол су ресурстарын үнемдеу мен тиімді басқарудың стратегиялық маңызын түсіндіріп, университетте сенсорлық және цифрлық технологияларды қолдану, су шығынын бақылау және білім беру үдерісін жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Сондай-ақ су шаруашылығы саласына заманауи технологияларды меңгерген мамандар даярлаудың қажеттігін атап өтті.
«Физика» кафедрасының доценті, PhD, қауымдастырылған профессор Сапарғали Пазылбек «Қазақстанның атом энергетикасы және ядролық физика мамандарын даярлау» тақырыбында баяндама жасады. Ол атом энергетикасын дамытудың маңызы мен осы саладағы ғылыми-техникалық кадрларға сұраныс туралы айтып, университетте алдағы уақытта «Ядролық физика» білім беру бағдарламасын ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл бастама еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға қажетті мамандар даярлауға бағытталған.
Университеттің баспасөз хатшысы Әзімхан Исабек «Өркениетті мемлекет және “Адал азамат” тұжырымдамасы» тақырыбында баяндама жасап, адалдық, жауапкершілік, заңға құрмет және азаматтық ұстаным құндылықтарын насихаттады. Сондай-ақ жоғары оқу орнының міндеті тек кәсіби маман даярлау емес, ел дамуына жауапкершілікпен қарайтын саналы азамат тәрбиелеу екенін атап өтті.
 
Ал «Энергетика және дәстүрлі емес энергетикалық жүйелер» кафедрасының PhD, доценті Нұрсұлтан Файз «Атом электр станциясында ядролық реактордың прототипі ретінде цифрлық егізді ендіру» тақырыбында баяндама жасады. Ол әлемдік дамудың жаңа кезеңіндегі «Электр дәуірі» ұғымын түсіндіріп, электр энергиясына сұраныстың артуы, Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың маңызы мен алдағы жоспарлар туралы ақпарат берді. Жастарға энергетика саласындағы жаңа технологиялар мен инженерлік мамандықтардың болашағын насихаттады.
Жиын барысында Президент Жолдауында белгіленген стратегиялық басымдықтарды жүзеге асыруда ғылым мен білімнің, кәсіби кадр даярлаудың және инновациялық технологиялардың маңызы кеңінен түсіндірілді. Әуезов университеті жаңа білім беру бағдарламаларын дамыту, сұранысқа ие мамандар даярлау және ғылыми зерттеулерді жетілдіру арқылы ел дамуының басым бағыттарына үлес қосуды көздейді.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@auezov.edu.kz


Please publish modules in offcanvas position.