Жошы ұлысының тарихы: жаңа зерттеулер мен ғылыми тұжырымдар

Жошы ұлысы – Еуразия тарихында айрықша орны бар, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихымен сабақтас ірі саяси құрылымдардың бірі. Оның мемлекеттік жүйесі мен рухани-мәдени мұрасын зерттеу бүгінгі тарих ғылымы үшін де маңызды.
Осы тақырып Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде өткен «Жошы ұлысы: мемлекеттілік, өркениет және рухани мәдениет – қазіргі ғылыми зерттеулер аясында» атты дөңгелек үстелде кеңінен талқыланды.
Ғылыми басқосуды университеттің «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар» ғылыми-зерттеу институты жанындағы «Абайтану және Мұхтартану», «Түркітану», «Тарих және этнология», «Археология және антропологиялық зерттеулер» ғылыми орталықтары ұйымдастырды.
Институт директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Боранбай Сандыбай ашқан басқосудың негізгі мақсаты – Жошы ұлысының Еуразия өркениетіндегі орнын, мемлекеттік құрылымы мен мәдени мұрасын зерделеп, Қазақ хандығымен тарихи сабақтастығын саралау.
Баяндамалар барысында Жошы ұлысының Еуразия тарихындағы орны, Алтын Орда дәуіріндегі мемлекеттік жүйе, империялық сана мен діни көзқарастар мәселелері қозғалды. Бұл тақырыптар бойынша «Абайтану және Мұхтартану» ғылыми орталығының басшысы Ақжол Қалшабек, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры Досымбек Қатыран, тарихшы ғалымдар Ордалы Қоңыратбаев пен Зікірия Жандарбеков ой-пікірлерін ортаға салды.
Сондай-ақ Алтын Орда кезеңіндегі жазба ескерткіштердің тарихи мәні, археологиялық деректердің мемлекеттілік тарихын танудағы рөлі және түркі жазба мұраларының рухани-мәдени маңызы талқыланды. Бұл бағытта Батыс Қазақстанның инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Мұрат Сабыр, Амангелді Саипов және Асылбек Ноғаев ғылыми баяндамаларын ұсынды.
Кездесу қорытындысында Жошы ұлысының тарихын мемлекеттік дәстүр, мәдени мұра және тарихи сабақтастық тұрғысынан кешенді зерттеудің маңызы айтылды. Ғалымдар тарих, археология, филология және этнология салалары тоғысындағы ғылыми ізденістерді жалғастыру қажеттігін жеткізді.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@auezov.edu.kz


Please publish modules in offcanvas position.