М.Әуезов атындағы ОҚУ-де Eurasia Foundation (from Asia) гранты аясында оқу курсы басталды
Әуезов университетінде Eurasia Foundation (from Asia) гранты аясында оқу курсы басталды
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Орталық Азия елдерінің интеграциялық үдерістері» атты халықаралық оқу курсы өз жұмысын бастады. Жоба Халықаралық ынтымақтастық департаменті мен «Саясаттану» кафедрасының бірлескен бастамасымен жүзеге асырылып, Eurasia Foundation (from Asia) қорының гранттық қолдауына ие болды.
Алғашқы дәрісті қордың директоры, доктор Чанг Джун Кон «Why a New Community Now?» тақырыбында өткізіп, өңірлік интеграцияның өзекті мәселелерін талқылады. Кездесу ашық форматта өтті. Сонымен қатар дәріске доктор Чан Бенг-Сун қатысып, халықаралық академиялық тәжірибе туралы баяндады.
Доктор Чанг Джун Кон іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, университет басшылығына, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Арида Тұрымшаеваға және «Саясаттану» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамына алғысын білдірді.
Оқу курсы 2026 жылғы 24 сәуір мен 5 маусым аралығында өтеді. Бағдарлама аясында Жапония, Оңтүстік Корея және АҚШ елдерінен шақырылған ғалымдардың қатысуымен онлайн және офлайн форматта омнибустық дәрістер ұйымдастыру жоспарланған.
Жоба Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияның саяси, экономикалық және мәдени қырларын зерттеуге бағытталған. Сонымен қатар ол студенттердің зерттеушілік әлеуетін дамытуға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.












