Жаңалықтар
«Латын әліпбиі – кемел келешектің кепілі»
- Қаралды: 447
М.Әуезов атындағы ОҚМУ профессор-оқытушылар құрамын Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылдың 26 қазанындағы №569 Жарлығымен бекітілген (ҚР Президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығымен енгізілген өзгерістерімен) латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиімен таныстыру мақсатында Тілдерді дамыту бөлімі мен Филология факультетінің ұйымдастыруымен 2018 жылдың 16 мамырында «Латын әліпбиі – кемел келешектің кепілі» тақырыбында танымдық семинар болып өтті. Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директорының орынбасары т.ғ.к., доцент Сәкен Сәдібекұлы Пернебековтың және Тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Ақтолқын Алиярбекқызы Жамантаеваның кіріспе сөзімен ашылған танымдық семинар Филология факультетінің оқытушылары ф.ғ.к., доцент Қалшабеков Ақжол Батырбекұлының, магистр, аға оқытушы Сариева Толқын Қуанышқызының және магистр, оқытушы Амирова Гауһар Оразбайқызының баяндамаларымен жалғасын тапты.
Семинарға қатысушылар қазақ тілі әліпбиінің терең тарихына көз жүгіртіп, оның өткені, бүгіні мен келешегі туралы құнды ақпараттар алды, өздерін қызықтыратын сұрақтарға жауап алды. Осы ретте, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу мәселелері бойынша төрт бағытта жұмыс атқарып жатқаны айтылды. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары атқарылады, нормативтік құқықтық базаны жетілдіру бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиінде дұрыс жазу ережелері, латын графикасына мәтіндік қайта кодтаушыға арналған конвертер бағдарламасы және IT-қосымша әзірленеді.
Латын графикасындағы қазақ әліпбиіне көшудің алғашқы кезеңінде Тілдерді дамыту бөлімі тарапынан барлық ОҚМУ факультеттеріне арналған тренинг сабақтар өткізіліп жатқаны семинарға қатысушылар тарапынан қолдау тауып, жоғары бағаланды.