Синьцзян университетімен ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық нығаюда

Синьцзян университетінің (ҚХР, Үрімші қ.) Халықаралық мәдени алмасу институты мен Халықаралық ынтымақтастық бөлімі тарапынан жолданған ресми шақыруға сәйкес, 2025 жылғы 29 қазан 2  қараша аралығында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Е. Иманғалиев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сапардың мақсаты – екіжақты академиялық байланыстарды нығайту, студенттер мен оқытушылар алмасуын ұйымдастыру, бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту және ғылыми-зерттеу бағыттарында серіктестікті кеңейту.

31 қазан күні Синьцзян университетінің Хұңху (Қызылкөл) кампусындағы кітапхананың академиялық залында «Халықаралық қытай тілі білімінің құрылымы және халықаралық алмасу ынтымақтастығы» атты семинар салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсімінде Ернар Иманғалиев құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қатынастарды жоғары бағалап, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделілік білдірді. Оның сөзі шетелдік және қытайлық қатысушылар тарапынан жылы ықыласпен қабылданды.

Семинардан кейін Синьцзян университетінің проректоры Цзинь Ганмен ресми кездесу өткізілді. Кездесу барысында екі университет арасында алдын ала келісілген ынтымақтастық туралы меморандумды ресми бекіту мәселесі талқыланды. Сонымен қатар тараптар алдағы кезеңде студенттер мен оқытушылар алмасуын бастау, тілдік даярлық, инженерлік және ақпараттық технологиялар бағытында бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, ғылыми жобаларды іске асыру және академиялық қозғалысты қолдау жөнінде уағдаластыққа келді. Қытай тарапы университеттер басшылығы деңгейінде қол қою рәсімін өткізуге және 2026 жылы Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келуге дайын екендігін білдірді.

Іссапар аясында Синьцзян университетінің Халықаралық ынтымақтастық және алмасу бөлімінің басшысы Нәкыраман Ибрахим, Шетел тілдері факультетінің деканы, Химиялық инженерия және технологиялар факультетінің деканы, Геология және тау-кен инженериясы факультетінің деканы және Халықаралық мәдени алмасу институтының директоры қатысқан кездесулер өтті. Онда білім беру бағдарламаларын үйлестіру, оқытушылар тағылымдамасы, магистранттар мен докторанттардың ғылыми тәжірибесін ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

2025 жылдың 1 қараша күні  Е. Иманғалиев Синьцзян университетінің Boda (Бода) кампусында орналасқан «Үздік инженер» колледжінің Инженерлік оқыту орталығында болды. Проректор 3D-баспа зертханасы, сандық басқару станоктары шеберханасы, арнайы өңдеу, құйма, өнеркәсіптік робототехника, дәнекерлеу роботтары және инновациялық инженерлік шеберханалардың жұмысымен танысты. Колледждің үздік студенттерімен кездесіп, өндірістік-инженерлік білім берудің тәжірибеге бағытталған моделіне жоғары баға берді.

 

Сапардың нәтижелері бойынша келесі келісімдер қалыптасты:

  • 2026 жылдан бастап студенттер мен оқытушылар алмасу бағдарламасын іске қосу;
  • Қытай тілі, инженерия және IT бағыттарында қосдипломды бағдарламаларды әзірлеу;
  • М.Әуезов атындағы университет базасында Қытай тілі және мәдениеті орталығын ашу мүмкіндігін қарастыру;
  • ғылыми жобалар және бірлескен зертханалар құру бағыттарында өзара іс-қимылды жалғастыру.

Бұл іссапар Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары білім беру саласындағы стратегиялық серіктестікті нығайта отырып, университеттің халықаралық беделін арттыруға және студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етті.


Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru

info@auezov.edu.kz

Please publish modules in offcanvas position.