М.Әуезов атындағы ОҚУ-да еңбек нарығының болашағына бағытталған форсайт-сессия басталды

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Мамандығым – болашағым» республикалық жобасы аясында екі күндік маңызды форсайт-сессия өз жұмысын бастады. Бұл іс-шара өңірлердегі салалардың даму тенденцияларын анықтауға, алдағы жылдары нарыққа қажетті мамандар мен дағдыларға сұранысты болжауға, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждердің білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына сәйкес жаңарту мәселелерін қарастыруға арналған.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бейнеқұттықтауымен басталды. Министр бұл форсайт-сессияның болашақ жас мамандар үшін маңыздылығын атап өтіп, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Өз кезегінде, М.Әуезов атындағы ОҚУ Басқарма төрағасы-ректоры Дархан Ахмед-Заки құттықтау сөз сөйлеп, сапалы кадр және білікті маман даярлаудың университеттің басты мақсаты екенін жеткізді. Ректор ортақ мақсаттарға жету үшін бірігіп әрекет етудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Мамандығым – болашағым» жобасының жетекшісі Олжас Сәкенов онлайн байланыс арқылы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілей отырып, сессия нәтижесінде Шымкент қаласына арналған жаңа кәсіптер мен құзыреттіліктер атласын әзірлеу жоспарда екенін айтты.
Форсайт-сессияға салалық сарапшылар, білім басқармасы өкілдері, жұмыс берушілер, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, сондай-ақ студенттер қатысты. Қатысушылар іс-шараның екінші бөлігінде жұмыс топтарына бөлініп, өңірлік экономиканың даму перспективаларын саралап, еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделу үшін қажетті дағдылар мен мамандықтар бойынша ұсыныстар дайындайды.
Ертең, сессияның екінші күні, жасалған талдаулар мен баяндамалардың нәтижесінде жаңа кәсіптер, өзгертілетін (трансформацияланатын) кәсіптер, жойылып бара жатқан кәсіптер, сондай-ақ аса тапшы кәсіптер анықталады деп жоспарлануда. Бұл талдау нәтижелері алдағы уақытта білім беру ұйымдары үшін өзекті бағдар болмақ. Атап айтқанда, бұл бастама жоғары оқу орындары мен колледждердегі білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына сай икемдеуге, болашақта қажет болатын кәсіби мамандарды сапалы дайындауға мүмкіндік береді.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru

info@auezov.edu.kz

Please publish modules in offcanvas position.