Жаңалықтар
«Рухани келісім – халықтар бірлігіне бастар жол»: М.Әуезов атындағы ОҚУ-да маңызды дөңгелек үстел өтті
- Қаралды: 55
18 қазан – Рухани келісім күніне орай, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде қоғамдық келісімнің маңызды мәселелері талқыланған мазмұнды басқосу өтті. Университеттің «Тұлға дамыту және Қазақстан халқы Ассамблеясы» орталығының ұйымдастыруымен «Рухани келісім – халықтар бірлігіне бастар жол» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамда ұлтаралық достық қарым-қатынасты сақтауды дәріптеу, конфессиялар мен мәдениеттер диалогын нығайту және Қазақстандық келісім моделінің бірегейлігін түсіндіру болды.
Басқосуға өңірдегі қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысатын беделді тұлғалар, этномәдени бірлестіктердің басшылары, сондай-ақ университетіміздегі факультет және жоғары мектептердің профессор-оқытушылар құрамы мен студент-жастары қатысты.
Университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ғани Бесбаев Рухани келісім күнінің ұлттық маңыздылығына ерекше тоқталып, Қазақстанның жетістігі – оның көпэтносты халқының ынтымағында екенін атап өтті. Ол жастарды ұлт пен дінге бөлінбей, ортақ құндылықтар төңірегінде бірігудің аса маңыздылығын түсіндіріп, татулыққа шақырды.
Ал, Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы И.Хашимжанов ұлтаралық келісімнің Қазақстандық моделін құру жолындағы тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, ол өзінің «Достық керуенінде 30 жыл» атты кітабын таныстырып, рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында оны университет кітапханасына тарту етті.
Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің бөлім басшысы А.Исаева Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар үшін маңыздылығына тоқталып, студенттерді өзара сыйластықта өмір сүруге шақырды.
Сондай-ақ, «ЕуроАзиялық медация орталығы» Қоғамдық Бірлестігінің директоры, Шымкент қалалық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің төрайымы Л.Ақшегірова студенттерге медиация туралы кеңінен түсіндірді.
Басқа да этномәдени бірлестік төрағалары, спикерлер өз кезегінде ұлтаралық және дінаралық достықты нығайтудағы атқарып жатқан жұмыстарымен бөлісті.
Іс-шара соңында университеттің рухани-тәрбиелік жұмысына және қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан үлестері үшін барлық баяндамашыларға университет ректоры Дархан Ахмед-Закидің алғыс хаттары табысталды.
Дөңгелек үстел Рухани келісім күнінің қазақстандық қоғам үшін мәнін айшықтап, жастарды отансүйгіштікке, толеранттылыққа және өзара құрметке тәрбиелеудегі білім ордасының маңызды рөлін тағы да дәлелдеді.