Жаңалықтар
ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕДЕ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
- Қаралды: 28
Шымкент қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен 2025 жылдың 8-10 қазан аралығында «Agritech Turkestan&Growtech Shymkent» көрмесі және «Шаруа-2025» семинар конференция өтті. Ауыл шаруашылығы саласындағы ең ірі халықаралық іс-шараға Түркия, Нидерланд, Қытай, Ресей, Өзбекстан елдерінің жетекші компаниялардың өкілдері келді. Сондай-ақ М.Әуезов атындағы ОҚУ ғалымдары да қатысты.
Бұл ісі-шара Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауында айтылған ауыл шаруашылығын әртараптандыру, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және өндірушілердің өнімдерін нарықтық экономика бәсекелестігіне дайындау және дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттерді іске асыру мақсатында жүзеге асырылды. Көрменің салтанаты ашылуына қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов қатысып, аталған іс-шараның өңірлік экономика үшін стратегиялық және практикалық маңызын ерекше атап өтті.
Көрменің негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы, жылыжай, суару жүйелері, өсімдік және агротехнология саласындағы инновациялық шешімдер мен заманауи жабдықтарды таныстыру, тәжірибе алмасу және шетелдік, отандық кәсіпорындар арасындағы серіктестікті дамыту.
Аталған іс-шараға университетіміздің «Ғылым және кәсіпкерлік» департаментінің директоры Б.М. Смайлов және бөлім басшылары А.К. Диканбаева, А.Е Ортаев қатысып, шетелдік және отандық компаниялардың заманауи агрохимиялық өнімдерімен, тыңайтқыштардың түрлерімен және өсімдіктерді қорғаудың технологияларымен танысты. Іс-шара барысында университет ғалымдарының әзірлеген ғылыми жобаларын және өнертабыс меншіктерін бизнес өкілдеріне ұсынып, алдағы уақытта серіктестік орната отырып, бірлескен ғылыми жобалар жасау жоспарланды.