Жаңалықтар
Қазақстан Республикасының ұлттық инженерлік академиясының кеңейтілген көшпелі төралқа отырысы өтуде
- Қаралды: 19
Бүгін Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясының (ҚР ҰИА) кеңейтілген көшпелі Төралқа отырысы басталды. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы, сондай-ақ 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына байланысты қоғамдағы еңбек адамының рөлі талқылануда.
Төралқа отырысы ҚР ҰИА президенті, академик Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен өтуде. Отырыста Төралқа мүшелері, ҚР ҰИА Оңтүстік аймақтағы филиалының мүшелері, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұжымы, ғалымдар, Түркістан қаласындағы колледж директорлары, студенттер және өңірдегі өндіріс орындарының басшылары, инженерлері басқосты. Басқосуға М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан унверситетінің Басқарма Төрағасы-ректор Дархан Ахмед-Заки қатысуда.
Төралқаның Түркістан облысындағы жұмысы қатысушылардың облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің ресми қабылдауынан басталып, өңір басшысы аймақтың индустриялық-инновациялық дамудағы жетістіктеріне тоқталды. Содан соң төралқа мүшелері Woosong University (Қазақстан-Корея университеті) филиалының қызметімен, оқу және ғылыми үдерістердің ұйымдастырылуымен жақыннан танысты.
Іс-шара аясында экономика мен қоғам үшін мықты университеттер құрудың маңыздылығы, олардың өңірлік даму мен инновациялық серпінге қосар үлесі сөз болды. Сонымен қатар, Оңтүстік аймақтағы өндіріс орындарының экологиялық мәселелері, әсіресе өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу және тиімді игеру жолдары көтерілді.
Атап өтейік, кеңейтілген отырыста Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы Президиумының 2025 жылғы 26 қыркүйектегі №172 шешімімен Шымкент филиалының төрағасы қызметіне ҚР ҰИА академигі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы-ректор Ахмед-Заки Дархан Жұмақанұлы тағайындалды.