Жаңалықтар
ОҢТҮСТІКТІҢ ӨРКЕНДЕУІ ҮШІН ҒЫЛЫМ МЕН ИНВЕСТИЦИЯЛАР: М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІ МЕН ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
- Қаралды: 43

2025 жылғы 17 маусымда М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Қытай Халық Республикасы арасындағы мамыр айының басында қол қойылған меморандум аясында Түркістан облысындағы LIHUA GROUP компаниясының еншілес кәсіпорны – «Turkestan Cotton Agro-Industrial Complex» зауытына жұмыс сапары ұйымдастырылды. Делегация құрамында Қытай Халық Республикасының Синьцзян университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдері және өңірдің аграрлық саласындағы басты серіктес – LIHUA GROUP компаниясымен өзара іс-қимылды үйлестіретін мамандары болды.
Сапардың мақсаты – агроөнеркәсіп кешені, ғылым және білім беру салаларында практикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстігіндегі инвестициялық жобаларға ғылыми-аналитикалық сүйемелдеу көрсету.
Өңірде ондаған ірі Қытай компаниялары жұмыс істейді. Олардың қатарында аграрлық және тоқыма салаларындағы негізгі серіктес – Xinjiang Lihua Group, «жасыл» энергетика және жаңартылатын энергия көздері саласындағы серіктес – China Energy Overseas, сондай-ақ машина жасау, металл құрылымдары және алюминий өңдеу саласындағы индустриялық серіктестер – Sin Yuan Steel, Wan Sheng Ceramics, Zhejiang Navas Industry, Central Asia Aluminium және China Tianchen Engineering Corporation сияқты компаниялар бар.
Сапар барысында жерді тиімді пайдалану, су ресурстарын ұтымды басқару және ауыл шаруашылығын жүргізудің заманауи тәсілдері талқыланды. Іссапардың нәтижесінде білім, ғылым, агротехнологиялар және халықаралық тағылымдамалар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жалпы, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Қытай серіктестерімен ынтымақтастығы тек білім беру және академиялық ұтқырлықпен шектелмей, ғылыми зерттеудің кең ауқымын қамтиды. Университет нақты аймақтық аграрлық мәселелерді шешуге бағытталған қолданбалы зерттеу алаңдарын құруға басымдық береді. Бұл инновациялық егіншілік әдістерін, тұрақты агроөндіріс үлгілерін әзірлеу мен автоматтандыру, спутниктік мониторинг және агроаналитиканы қамтитын цифрлық технологияларды енгізуді көздейді.
Сондай-ақ, өңір жағдайына бейімделген су тазарту, жаңартылатын энергия және биотехнология салаларындағы ғылыми жобалар басты назарда. Бұл бастамалар жаңа буын ғылыми кадрларын даярлауға және халықаралық гранттық бағдарламаларды кеңейтуге ықпал етеді.
2025 жылғы мамыр айының соңында М. Әуезов атындағы ОҚУ Қытайдың Солтүстік-Батыс саяси және құқық университетінің делегациясын қабылдады. Кездесу барысында трансшекаралық инвестициялар және халықаралық ынтымақтастықтың құқықтық аспектілері талқыланды.
Аталған ынтымақтастықты нығайту аясында университет базасында Қытай–Қазақстан құқықтық зерттеулер орталығы ашылады. Бұл – халықаралық және инвестициялық құқық, сондай-ақ оңтүстік өңірдегі инвестициялық жобаларға құқықтық сүйемелдеу саласында мамандар даярлау мен бірлескен зерттеулер жүргізуге арналған жаңа платформа болмақ.
Қазіргі таңда «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті өтіп жатыр. Саммит барысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2026 жылды Білім және ғылым жылы деп жариялады. Бұл бастама ғылыми және білім беру ынтымақтастығы үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда.
Осыған орай, М. Әуезов атындағы ОҚУ тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыс өз нәтижесін 2026 жылдың өзінде-ақ бере бастайды деп күтілуде.