Жаңалықтар
«Қазақстанның Оңтүстік шекараларының қауіпсіздігі: қорғаныс пен дамудың 25 жылы»
- Қаралды: 60
М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-де Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаментінің құрылғанына 25 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Қазақстанның Оңтүстік шекараларының қауіпсіздігі: қорғаныс пен дамудың 25 жылы» атты конференцияға университетіміздің Басқарма мүшесі- академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ернар Имангалиев, ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаментінің Түркістан облысы бойынша бастығы, полковник Мадияр Жұмаділов, саланың қызметкерлері мен ардагерлері, профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Ернар Имангалиев шекара қызметінің мерейтойымен құттықтап, конференцияның маңыздылығына тоқталды.
–Бүгін Әуезов университетінде кездейсоқ жиналып отырған жоқпыз. Оқу ордамыз ширек ғасыр бойы кеден ісі мен шекара қауіпсіздігі саласында жоғары білікті мамандар даярлап келеді. Біздің түлектеріміз – бұл еліміздің оңтүстік шекарасының қауіпсіздігін күн сайын қамтамасыз ететін азаматтар. 25 жыл – бұл аз уақыт емес. Осы кезең ішінде Қазақстанның шекара қызметі қалыптасудан бастап заманауи, технологиялық жағынан жарақтандырылған құрылымға дейінгі үлкен жолды жүріп өтті.
Бұл алаң тек қана кәсіби мамандар үшін емес, болашақта шекара күзетіне қосылатын жас мамандар – біздің студенттеріміз үшін де үлкен маңызы бар. Олар осы кездесуде алынған білім мен тәжірибені ертеңгі күннің қауіпсіздігіне арнайды деп сенемін, - деді проректор.
Басқосуда онлайн қосылған Өзбекстан Республикасы Кеден институты басшысының орынбасары, полковник Р. Хабибов, «Застава тарландар» шекара ардагерлері ҚБ төрағасы, отставкадағы генерал-майор М.Сабидолданов, «Саясаттану» кафедрасының доценті М.Жұмабеков шекараның құрылу тарихы мен дамуы, мемлекеттік шекараны қорғаудағы стратегиялық басымдықтар, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудегі шекара құрылымдарының ролі, қоғам мен қауіпсіздік құрылымдары арасындағы өзара іс-қимыл тақырыбында баяндамалар жасады.
Университеттің Басқарма мүшесі-әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ғани Бесбаев кешті қорытындылап, шекара - кез-келген елін қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алғашқы шегі, мызғымас тірегі, Тәуелсіздігіміздің кепілі екендігін айтып, бұл салада нағыз ерлік пен табандылықтың үлгісін көрсетіп жүрген Отан қорғаушыларымызға алғысын жеткізді.