Жаңалықтар
ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ
- Қаралды: 30
Бүгін ұлт руханияты жаңа туындымен толықты. Дәлірек айтқанда, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті колледжінің директоры, тарих ғылымдарының докторы Сейдехан Әлібектің «Алаш рухының жаршысы – Сейілбек Үсенов» атты кітабының тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты. Аталған еңбек Кеңестік дәуірдегі сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болған, артында өшпес із қалдырған, саналы ғұмырын оқу-ағарту саласына арнап, қазақ көсемсөзінде өзіндік сүрлеуін қалыптастырған, өз заманының орны бөлек перзенті Сейілбек Үсеновтің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін және шығармашылығын архив құжаттарының негізінде дәйектеген.
Айтулы шара А.С.Пушкин атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында өтті. Өңірімізге және республикамызға белгілі қаламгерлер, С.Үсеновтің ұрпақтары, ғалымдар, зиялы қауым және БАҚ өкілдері, тарихшылар мен студент жастардың басын қосқан тарихи сәт Сейілбек Үсеновтің белгісіз қырлары мен ел мүддесі үшін жасаған игілікті істері сөз болды. Кітаптың тұсаукесерін Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласы бойынша төрағасы, белгілі қаламгер Момбек Әбдәкімұлы жүргізіп отырды. Сонымен қатар университетіміздің Басқарма мүшесі - Әлеуметтік тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ғани Бесбаев жиында арнайы сөз алып, авторды жаңа еңбегінің жарық көруімен құттықтап, бұл туындының жастарды тәрбиелеуде атқаратын рөлі зор екендігін атап өтті. Сондай-ақ, Д.Қожамжарова, Г.Жанысбекова, Б.Исабек, Қ.Анарбаев, Г.Алдоңғарқызы секілді зерттеуші ғалымдар еңбектің құндылығы туралы сөз қозғап, авторға табыс тіледі.
Кітап авторы Сейдехан Әлібек – тарих ғылымдарының докторы. 2018 жылдың қараша айынан Әуезов университеті колледжінің директоры қызметін атқаруда. Оңтүстік Қазақстан тарихшылар мен саясатанушылар қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Шымкент қаласы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясының жұмыс тобының жетекшісі және іргелі ғылыми зерттеулердің авторы ретінде тарих ғылымына өлшеусіз үлес қосуда.
Кітаптың оқырманы көп болып, ұлт руханиятына берер тағлымы мол болсын!