Жаңалықтар
БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ САЛАСЫНДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТАДЫ
- Қаралды: 206
Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басшылық құрамы және ғалымдары оқу ордамызда Тайланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы елшісі Чатчаван Сакорнсин мырзамен туризм және қонақжайлық саласындағы білім беру ынтымақтастығы тақырыбында дөңгелек үстел басында бас қосты.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – Ректор м.у.а Қайрат Нұрманбетов құрметті қонаққа алғысын жеткізе отырып, Қазақстандағы үшінші мегаполис қала – Шымкенттің әлеуеті және көпсалалы университетіміздің мүмкіндіктерін атап өтті.
–Таиланд пен Қазақстан ресми түрде өзара дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 32 жыл болды. Ал Таиландтың әлемге әйгілі туристік бағыты Паттайя мен Шымкент 20 жылдан бері бауырлас қалалар санатында. Алдағы уақытта біз оқу-ағарту бағытында қарым-қатынастарымызды жақсартуда үлкен жобаларды қолға алуды мақсат етіп отырмыз. Сондықтан нақты ұсыныстарымызбен келіп отырмыз. Атап айтқанда, сіздерде Спорт және туризм факультетінің білім алушыларын біздегі жетекші оқу орындарында қысқа курстардан өткізіп, тәжірибе алмасуға шақырамыз. Сондай-ақ, Әуезов университетінде Тайланд елінің студенттері білім бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік алса дейміз. Екі ел арасындағы достық қатынастарды нығайтуда Сіздердің оқу орнында мәдени және кітап бұрыштарын ашу жобасын да ұсынамыз, – деді Тайланд Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Чатчаван Сакорнсин.
Басқосуда Қайрат Еңбекшіұлы білім алушыларды академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында оқыту, қосдиплом, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру бағытында әріптестік қарым-қатынас орнатуға дайын екенін жеткізді. Алдағы уақытта бұл жобалар пысықталып, тараптар келіссөздер жасау бойынша уағдаласты.
Кездесу аясында Чатчаван Сакорнсин университеттің оқу-ғимаратын аралап, ғылыми және материалдық-техникалық базамен танысты.
Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз