70-ТЕН АСТАМ ОҚУШЫ AUEZOV UNIVERSITY-НІҢ ОҚУ ГРАНТЫНА ИЕ БОЛДЫ

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде ҰБТ-ның бейіндік пәндері комбинациясы және «Жас Талант» шығармашылық өнер конкурсы  өз мәресіне жетті. Шымкент қаласы және Түркістан облысының орта білім беру мектептерінің бітіруші оқушыларына арналған олимпиадаға биыл 3 мыңнан аса қатысушы тіркелді. Солардың ішінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, топты жарып шыққан үздіктерді М.Әуезов атындағы ОҚУ Басқарма Төрағасы-ректор м.у.а. Қайрат Нұрманбетов және ҰТО Шымкент қалалық филиалының директоры Серік Айдаров марапаттады. 

– М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті – білім мен ғылымның қара шаңырағы. Оқу ордамыздың елімізде және әлемдік деңгейде жеткен жетістіктері орасан. Соңғы қуанышты жаңалығымыз, биыл HE Higher Education Ranking деп аталатын халықаралық деңгейдегі жоғары білім рейтингісіне алғаш рет қатысып, 65 елдің 303 университетінің ішінде 24-орынға ие болдық. Сондықтан білімді, талантты жастарға біздің есігіміз әрдайым ашық. Өткен оқу жылында университетімізге өңірімізден 80-нен астам «Алтын белгі» иегерлері оқуға түсті.  ҰБТ-ның бейіндік пәндері комбинациясы және «Жас Талант» шығармашылық өнер конкурсы да осындай озат оқушыларды анықтап, дұрыс мамандық таңдауға жол көрсетеді. Жалпы, қазақ жастарының интеллектісі өте жоғары. Сол себепті, жастар ғылымға бет бұруы қажет. Олардың білімін шыңдауға, күш беруге аға буын біздер көмектесуіміз керек. Сіздерге жол көрсеткен ұстаздарыңызға алғысымызды білдіреміз, – деп атап өтті Қайрат Еңбекшіұлы өз сөзінде.

Іс-шарада талантты оқушылардың ғылыми жетекшілеріне де құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны тәрбиелеу және сапалы білім берудегі еңбегі үшін олимпиада жүлдегерлері білім алған мектеп директорларына Алғыс хат пен естелік үшін кітаптар табыс етілді.

Олимпиадаға қатысушылардың ішінен дараланған 72 жеңімпаз оқушының ішінде,  І орын алғандар Әуезов унверситетінің білім грантына ие болды. ІІ-ІІІ орын алған оқушылар оқу төлемақысына 75 және 50 пайыздық жеңілдікке ие болады.

Атап өтейік, Ұлттық бірыңғай тестілеудің бейіндік пәндері комбинациясы және «Жас Талант» шығармашылық өнер конкурсы университетімізде 2024 жылдың 20 ақпан және 1 наурыз аралығында өткен болатын.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru

info@auezov.edu.kz

Please publish modules in offcanvas position.