Жаңалықтар
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ ҰСТАЗЫ АЛМАС ХАЛЫҚОВТЫҢ «ШҰҒЫЛА» АТТЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КӨРМЕСІ ӨТТІ
- Қаралды: 226
Auezov University-де Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына орай, Мәдениет және өнер факультеті «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан Республикасының құрметті ұстазы Халықов Алмас Шулезбайұлының «Шұғыла» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті.
Жетіасар көркем-сурет галереясында өткен іс-шараға талантты суретшінің 60-тан астам түрлі жанрдағы картиналары қойылды. Шығармашылық көрмеге п.ғ.д. профессор Қуандық Ералин, өңірге танымал суретшілер, оқытушылар мен студенттер қатысты.
– Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығы мерейтойы аясында елімізде бейнелеу өнерінің өкілдері өз шығармашылық көрмелерін ұйымдастыруда. Мұны суретшілердің ел алдындағы есебі деуге де болады. Алмас Халықовтың шығармашылығы өзіндік идеясымен, композициясымен, колориттік шешімінің даралығымен, жаңашылдық сипатымен ерекшеленеді. Оның әрбір туындысындағы философиялық ойлардың жастардың тәлім-тәрбиесіне тигізетін ықпалы зор, - дейді ҚР Суретшілер Одағы Түркістан облысы филиалының төрағасы Нұрлан Шилібаев.
М.Әуезов атындағы ОҚУ Қоғаммен байланыс және мәдениет жөніндегі проректоры Садыбек Бейсенбаев суретшілік пен оқытушылықты қатар алып жүрген өнер иесінің ерекше қырларын атап өтті.
Ардагер-суретшілер «Өнерлі өлке суретшілері» кітабын, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ, Тәшенев университетінің өкілдері таланатты суретші Алмас Халықовқа алғыс хат табыстап, шапан жауып, құрмет көрсетті.
Көрмеде жоғары бағаланған графикалық жұмыстар, майлы бояумен салынған суреттер, соның ішінде сандар сыры деп аталатын туындыларының сырын суретші студент-жастарға өзі түсіндіріп берді.
Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз