Жаңалықтар
АҚШ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТАДЫ
- Қаралды: 215
Auezov University-ге АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюм арнайы іс-сапармен келді.
Сапар аясында дипломат оқу орнының басшылығымен кездесіп, серіктестіктің жаңа бағыттарын талқылады.
Auezov University Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Айгүл Ысқақова университет АҚШ-тың жоғары оқу орындарымен серіктестікті одан әрмен нығайтуға және кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ ол білім ордасын зерттеу университетіне трансформациялау бағдарламасымен таныстырып, оны жүзеге асыру бойынша нақты шараларды атап өтті.
«Интернационалдандыру бағдарламасы шеңберінде университет әлемнің 35 мемлекетіндегі 230 жоғары оқу орнымен және ғылыми-зерттеу мекемесімен ынтымақтастық орнатқан. Стратегиялық серіктесіміздің бірі – Миннесота Университетінің білім беру және адами ресурстарды дамыту колледжі. Бүгінге дейін аталған білім ордасымен бірқатар жобалар сәтті жүзеге асты», – деді Айгүл Ысқақова.
Қазіргі таңда Auezov University «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде АҚШ-тың жетекші оқу орындарымен ынтымақтастықты одан әрмен нығайтуда. English Fellowship және Fulbright бағдарламалары шеңберінде университетте америкалық ғалымдар мен оқытушылар дәрістер өткізіп, сабақ беруде. Атап айтқанда, бүгінде Мэдлин Роуз Лоулер «Заманауи тілдер және аударматану» кафедрасында студенттерге дәріс өткізуде.
Өз кезегінде Дэниел Розенблюм Қазақстан Орталық Азиядағы сенімді серіктес екенін атап өтіп, екі ел арасындағы білім беру және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Елші Auezov University басшылығының жылы қабылдауына алғыс білдіріп, АҚШ жоғары оқу орындарымен стратегиялық серіктестікті арттыруға ықпал ететіндігін жеткізді.
Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз