Жаңалықтар
КӨРНЕКТІ ҒАЛЫМҒА АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ ЖИЫН ӨТТІ
- Қаралды: 351
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде көрнекті шығыстанушы, академик Әбсаттар қажы Дербісәліні еске алуға арналған жиын өтті. Алқалы басқосуға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымның шәкірттері мен замандастары қатысты.
Жиынды Auezov University Басқарма төрағасы – Ректор Дария Қожамжарова ашып, ұлт зиялысы бола білген ғалымның ел алдындағы ерекше еңбегіне кеңінен тоқталды.
«Әбсаттар Бағысбайұлы – бүгінде бүкіл шығыс әлеміне белгілі, күллі түркі жұртына қадірлі, қазақ елінің бірегей тұлғасына айналған жан. Осындай биікке ол тынымсыз ізденісі мен қажырлы қайратының арқасында жетті. Өнегелі ғұмыр ешіп, соңына мол ғылыми мұра қалдырған Әбсаттар Дербісәлінің жарқын бейнесі әрдайым ұмытылмайды, ұрпақтар санасында жаңғыра береді», – деді Дария Қожамжарова.
Оқу орнының басшысы көрнекті ғалымның оқу-ағартушылық қызметі турасында да атап өтті.
«Ғалым өмір бойы әлемнің қай түкпіріне барса да ұлтымызға қатысты жәдігерлерді жинаумен болды. Оның Каир, Ыстамбұл, Бағдат, Рабат, Тунис, Тегеран, Санкт-Петербург, Ташкент қалаларынан әкелген, жинаған қолжазбалары әлі күнге жүйелі түрде зерттеліп, өз бағасын алған жоқ. Ғалым соңғы мың жыл көлемінде қазақ жерінде дүниеге келген 38 Фараби, 11 Кердери, 34 Сайрами, 19 Түркістани, 53 Таразиді анықтап, оларға тарихи-библиографиялық және аналитикалық зерттеулер жасады», – деді Auezov University ректоры.
Бұдан бөлек, жиын барысында жазушы-публицист Марат Тоқашбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқарақызы, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызы сынды азаматтар ғалым туралы естеліктерімен бөлісіп, пайымды пікірлерін ортаға салды.
«Ғылымға шын берілген, әр іске тиянақты қарайтын Әбсаттар Бағысбайұлы артына бай ғылыми мұра қалдырып қана қоймай, шығыстану, дінтану саласында өзіндік дара жолын қалыптастырды. Қазақ ғылымына ғана емес, бүкіл ислам әлеміне еңбегі сіңген зерделі ғалымның өнегелі істері кейінгі ұрпаққа жалғаса бермек», – деп атап өтті жиында сөз алғандар.
Сондай-ақ шара барысында дінтанушының бірнеше еңбегінің тұсаукесері өтті. «Әбу Насыр әл-Фараби. Қазақстан және шетел ғалымдарының зерттеулерінде», «Араб, парсы деректеріндегі Тараз және Таразилер», «Ұлы Даланың ұмытылған ойшылдары» кітаптары ғалымның ұзақ жылғы қажырлы ізденістерінің жемісі. Еңбектерде ойшылдардың өмірі мен шығармашылығы жан-жақты әрі нақты зерделенген.
Кітапты Auezov University Басқарма төрағасы – Ректор Дария Қожамжарова, ғалымның жұбайы, «Академик, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі» Қорының құрылтайшысы Рафия Дербісәлиева, қоғам қайраткері Әлімжан Құртаев және тағы басқа азаматтар көпшікке таныстырды.
Айта кетейік, аталған жиын оқу орнының 80 жылдығы қарсаңында қолға алынған арнайы жоба шеңберінде ұйымдастырылды.
Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз