Жаңалықтар
Industrial Technologies and Engineering»– ICITE - 2017 атты IV Халықаралық конференциясы
- Қаралды: 477
2017 жылдың қазан айының 26-27 күндері М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Industrial Technologies and Engineering»– ICITE - 2017 атты IV Халықаралық конференция болып өтті.
Конференцияға шетелдің және еліміздің жетекші ғалымдары, сондай-ақ, өнеркәсіп өкілдері қатысты. «ҚАЗФОСФАТ» зауытының оқу-әдістемелік орталығының директоры Оразова Марина Анатольевна (Қазақстан), Помукале университетінің профессоры, PhD Нихат Батмаз (Түркия), Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ҒЗИ директоры, физ.-мат. ғылымдарының докторы, профессор Кутербеков Қайрат Атажанұлы (Қазақстан) және «Химфарм» АҚ бас директорының орынбасары Скипчик Морел (Польша) құттықтау сөздерін жеткізді.
Пленарлық отырыс Падова университетінің профессоры, PhD Джованна Ломолино (Италия) ұсынған «Solanum tuberosum картобы ақуызының сығындысынан алынатын көбіктің қалыптасуы мен тұрақтылығы: протеин, газ және полисахарид өзара әрекеттесуі» атты баяндамасынан басталды. «Жоғары тиімді термоэлектрлік материалдарды коммерциализациялау» тақырыбындағы баяндаманы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Ғылыми-зерттеу институтының директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Кутербеков Қайрат Атажанұлы (Қазақстан) жасады.
Пленарлық отырыстың қатысушылары Пумукале университетінің профессоры, PhD Нихат Батмаздың (Түркия) - «Жаһандану үрдісінде аймақтандыруды қалыптастыру – әлемде орын алған экономикалық интеграциялар» тақырыбындағы баяндамасын, Синьцзян қаржы-экономикалық университетінің профессоры, PhD Луан Шинронгтың (Қытай) - «Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы» және Джунг-Бу университетінің профессоры, PhD Ким Кванг Донг (Оңтүстік Корея) - «Құрылыс және құрылыс материалдары» тақырыбындағы баяндамаларын үлкен ықыласпен тыңдады.
М.О.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің химия ғылымдарының кандидаты, доцент Муталиева Ботагөз Жақсылыққызы (Қазақстан) «O/W, W/O/W эмульсия әдістерімен және оларды босату арқылы белсенді ингредиенттердің микроинкапсулациясы» тақырыбындағы қорытынды баяндаманы жасады.
Конференцияның секция жұмыстары бейорганикалық заттардың химиялық технологиялары, құрылыс, мұнай химиясы, био - және нано технологиялар, тамақ өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешені, экология және табиғатты тиімді пайдалану, «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық арнайы көрме форматындағы жаңартылған энергетика, энергиясақтау және АТ-технологияларды дамытудың перспективті бағыттары бойынша жүргізілді.
Конференцияда ҚР индустриалды-инновациялық мемлекеттік бағдарламасын (ИИД МБ–2) жүзеге асырудың, мемлекеттік-жеке серіктестіктердің жағдайындағы аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму перспективасы, ғылыми-техникалық қызметтердің нәтижелерін коммерциялау мәселелері талқыланды.
Конференция жұмысына 26 елден 120-дан астам және Қазақстанның 30 университеттен белгілі ғалымдар қатысты.
Конференцияға шақырылған серіктестер: Тохоку халықаралық білім беру университеті (Жапония); Путра Малайзия университеті (Малайзия); Акдениз университеті (Түркия); М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті және Н.Э.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті (Ресей); Жоғарысилез экономикалық университеті (Польша); Штутгарт «Хохэнхайм» университеті және Гамбург қолданбалы ғылымдар жоғары мектебі (Германия), Еуразия университеттері ассоциациясы мүшелері, Белорусссия мен Қазақстан арасындағы білім консорциумы өкілдері, Оңтүстік Орал мемлекеттік университеті Еуразия зияткерлік идеялар клубы, Ғылыми және инженерлік қоғамдық бірлестіктердің Ресейлік одағының энергия көздерін қолдану мәселелері жөніндегі комитет мүшелері.
Конференция нәтижесі бойынша бейорганикалық заттардың химиялық технологиялары, мұнай химиясы салаларын жетілдірудегі ізденіс жолдары; энергиясақтаушы технологияларды дамытудың ғылыми зерттеулерін және энергияның балама көздерінің ғылыми зерттеулерін жандандыру; агротехнологияны жедел дамытуға қатысты зерттеу жұмыстарын ынталандыру, функционалдық және емдеу-профилактикалық мақсаттарға арналған азық-түлік алу әдістерін жетілдіру, жеңіл және тоқыма өнеркәсібі ауқымын кеңейту жайлы ұсыныстар айтылып, резолюция қабылданды.
ICITE-2017 жаңалықтарда:
https://instagram.com/p/Bavw4yxAhl2/
https://instagram.com/p/BavxX0mgxt4/