Жаңалықтар
«Жалынды жастар – Қазақстанның жарқын болашағы»
- Қаралды: 363
Еліміздің ертеңін, болашағын терең ойлаған Елбасымыз өткен жылғы жолдауында «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялады. Осы игі бастаманы қолдаған М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың ЖОО-ға дейінгі дайындық орталығы 14 ақпан күні №6 жатақханада тыңдаушылар мен студенттер арасында кеш ұйымдастырды. Кеш қонақтары болып тәрбие ісі және жастар саясаты департаменті директоры С.Мәжінбеков, университет аға тәлімгері С.Бейсенов және колледж директоры С.Әлібек қатысты.
Кеште атажұртты аңсап келген тыңдаушылардың Қазақстанға деген жүрекжарды арнауымен қатар Дамубек Камалбекұлы мен Исламхан Мұхаметханұлының тартымды айтысы баршамызды тамаша көңіл-күйге бөледі. Дәстүрлі әндер әуелете шырқалып, Кафалов Бекмұраттың орындауындағы «Қазақ жастары» атты эстрадалық ән тыңдаушылардың отан сүйгіштігін арттыра түсті.
Кеш соңында колледж директоры С.Әлібек сөз алып, «Жастар жылына» орай тыңдаушылар мен студент жастарға жүйелі білім алып, еліміздің даңқын биік ететін тау тұлғалардан болуына тілектестігін білдіріп, кешті қорытындылады.