Жаңалықтар
Журналистиканың бүгіні мен ертеңі: ЖИ тілші орнын баса ала ма?
- Қаралды: 31
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Қазақстан Журналистер одағы мүшелерінің қатысуымен студенттерге арналған кездесу өтті. Жиынның мақсаты – болашақ журналистерді медиа саласындағы жаңашылдықтармен таныстырып, кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.
Кездесу барысында қазіргі журналистиканың даму үрдістері, әлеуметтік желілердің ақпарат таратудағы рөлі, тележурналистика мен цифрлық медианың өзара байланысы сөз болды. Мамандар тілшілер үшін ақпаратты әзірлеумен қатар, оны әлеуметтік желілер арқылы аудиторияға сауатты әрі тиімді жеткізудің де маңызды екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар әлеуметтік журналистиканың қоғамдағы орны, халықпен кері байланыс орнату және өзекті мәселелерді көтеру жолдары талқыланды. Жасанды интеллектінің ықпалы да назар аударылды. Қатысушылар оның ақпарат жинау, өңдеу және материал әзірлеу үдерісін жеңілдететін тиімді құрал екенін, алайда журналистің кәсіби жауапкершілігі мен шығармашылық қабілетін толық алмастыра алмайтынын атап өтті.
Жиында университет түлегі Аяулым Ералханқызына Қазақстан Журналистер одағының мүшелік билеті табысталды.
Кездесу соңында студенттер сала мамандарымен еркін пікір алмасып, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды. Айтып өтейік, мұндай басқосулар болашақ журналистердің кәсіби көзқарасын қалыптастырып, тәжірибе жинақтауына және заманауи медиа кеңістіктегі өзгерістерді тереңірек түсінуіне мүмкіндік береді.












