Әуезов университеті ғылым, білім және өндіріс ықпалдастығын нығайтуда

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы «Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда» деген сөзі жоғары білім беру жүйесінің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Осы орайда Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті білім сапасын арттыруға, дуалды оқытуды жетілдіруге, қолданбалы ғылымды өндіріспен ұштастыруға және бизнес өкілдерімен әріптестікті кеңейтуге басымдық беруде.
 
Президент Жолдауында белгіленген өңірлік экономиканы өркендету, білім мен қолданбалы ғылымды өндіріс қажеттіліктерімен байланыстыру міндеттері аясында оқу орнында серіктес компаниялардың қолдауымен екі жаңа оқу кабинеті ашылды. Атап айтқанда, Alageum Electric компаниясының демеушілігімен «Электр энергетикасы» кабинеті пайдалануға берілді. Ол болашақ инженер-энергетиктердің практикалық даярлығын күшейтуге арналған. Мұнда студенттер энергетикалық кәсіпорындарда қолданылатын жабдықтардың құрылымы мен жұмыс істеу принциптерін меңгеріп, теориялық білімдерін тәжірибеде бекіте алады. Сонымен қатар CHINT компаниясының заманауи электротехникалық жабдықтарымен жарақтандырылған екінші оқу кабинеті іске қосылды. Бұл аудиторияда білім алушылар өндірісте пайдаланылатын технологиялармен жұмыс істеуді үйреніп, кәсіби құзыреттерін жетілдіреді. Нәтижесінде олардың еңбек нарығында сұранысқа ие практикалық дағдыларды игеруіне мүмкіндік туады.
 
Жаңа кабинеттердің ашылу рәсімінде университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген жоғары білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың маңызын атап өтті. «Болашақ маман өндірістік үдерістерді түсініп, цифрлық технологияларды еркін меңгеріп, нақты өндірістік мәселелерді шешуге қабілетті болуы қажет. Сондықтан жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы байланысты күшейту уақыт талабы. Осы бағыттағы әрбір бастама мемлекет болашағына салынған маңызды инвестиция», - деді ректор.
 
Іс-шара университет пен өңірлік бизнес арасындағы әріптестікті кеңейтуге арналған іскерлік форуммен жалғасты. Жоғары оқу орны мен Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы бірлесіп ұйымдастырған кездесуге өңірдің 100-ден астам кәсіпкері қатысты.
 
Форумда еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлау, білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілердің сұранысына бейімдеу, дуалды оқыту жүйесін жетілдіру, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі мен жұмысқа орналасуына жағдай жасау, сондай-ақ ғылым мен бизнестің бірлескен инновациялық жобаларын іске асыру мәселелері талқыланды. Мұхтар Төлеген кәсіпкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, оқу орнының бизнес қауымдастығымен ашық әрі нәтижелі әріптестік орнатуға мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ кадр даярлау, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу және білім беру бағдарламаларын жетілдіру бойынша ұсыныстарды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін айтты.
 
Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова бизнес үшін білікті кадр даярлаудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, өңір экономикасының тұрақты дамуы кәсіби білімі мен практикалық дағдылары қалыптасқан мамандарға тікелей байланысты. Ол Әуезов университетінің бәсекеге қабілетті кадр даярлаудағы әлеуетін атап өтіп, жоғары оқу орны мен бизнес арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған бастама үшін басшылыққа алғыс білдірді. Жиын барысында университет ғалымдары бизнес өкілдеріне өңір экономикасын дамытуға арналған патенттелген және коммерцияландыруға ұсынылған ғылыми жобаларын таныстырды. Ал студенттер энергетика, фармацевтика, экология және өндірістік үдерістерді цифрландыру салаларындағы стартаптарын ұсынды.
 
Өз кезегінде кәсіпкерлер дуалды оқытуды қолдауға, жастарға өндірістік экскурсиялар ұйымдастырып, оларды кәсіпорындардың жұмысымен таныстыруға дайын екендерін білдірді. Сонымен қатар болашағы зор студенттік бастамалар мен ғылыми әзірлемелерге қолдау көрсету және оларды қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыруға қызығушылық танытты.
 
Форум аясында жастардың өндірістік тәжірибеден өтуіне, жұмыспен қамтылуына және жоғары оқу орны мен бизнес арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосқан бірқатар кәсіпкер марапатталды. Оларға «Абай» және «Әуезов» төсбелгілері, сондай-ақ университет пен Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының атынан алғыс хаттар табысталды.
 
Кездесу соңында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті мен Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат кадр даярлау, дуалды білім беру, студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру және жұмыспен қамту, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мен инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру салаларындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Іскерлік кездесуден кейін қатысушылар университеттің ғылыми жобалар көрмесін аралап, оқу үдерісін бақылауға арналған ситуациялық орталықтың жұмысымен танысты. Аталған бастамалар білім беруді өндірістің нақты талаптарына жақындатуға, ғылым мен бизнес байланысын күшейтуге және өңір экономикасына қажетті бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@auezov.edu.kz


Please publish modules in offcanvas position.