ҚХР Бас консулының Auezov University-ге сапары: Басты назарда – білім беру, ғылым және кадр даярлау мәселелері

2026 жылғы 16 қазанда Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Су Фанцю мырза Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетіне келді. Кездесу барысында Қытай университеттерімен ынтымақтастық нәтижелері, бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту және қытайлық капиталдың қатысуымен жұмыс істейтін кәсіпорындарға мамандар даярлау мәселелері талқыланды.
 
Университетке сапар алдында Бас консул Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысымен кездесіп, Қытай Халық Республикасымен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
 
Auezov University-дің Қытай университеттерімен ынтымақтастығы 2025 жылы белсенді дами бастады. Салыстырмалы түрде қысқа уақыт ішінде бұл әріптестік нақты нәтижелерге қол жеткізді. Университет серіктестер желісін едәуір кеңейтіп, жаңа келісімдер жасасты және бірлескен білім беру мен ғылыми бастамаларды жүзеге асыруға кірісті.
 
Бүгінде университет Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен, соның ішінде Сиань Цзяотун университетімен (Xi’an Jiaotong University), Солтүстік Қытай электр энергетикасы университетімен (North China Electric Power University), Солтүстік-Батыс саясаттану және құқық университетімен (Northwest University of Political Science and Law), Сиань политехникалық университетімен (Xi’an Polytechnic University), Харбин инженерлік университетімен (Harbin Engineering University), Шыңжаң университетімен (Xinjiang University), Іле педагогикалық университетімен (Yili Normal University) және басқа да жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқан. Сонымен қатар, Фудань университетінің Ұлттық университеттік ғылыми-технологиялық паркімен ғылыми байланыстар да дамып келеді.
 
Маңызды жетістіктердің бірі  – Солтүстік Қытай электр энергетикасы университетімен бірлесіп «Электр энергетикасы» бағыты бойынша қос дипломды білім беру бағдарламасының іске қосылуы. Бағдарлама заманауи білім беру технологиялары мен қытайлық серіктестің озық тәжірибесін пайдалана отырып, халықаралық деңгейдегі инженерлік кадрларды даярлауға бағытталған.
 
Академиялық ұтқырлық саласында да елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. 2026 жылдың көктемгі семестрінде университеттің қаржылық қолдауымен Қытайдың жоғары оқу орындарына 23 студент білім алуға жіберілді. Ал күзгі семестрде 40 студент Іле педагогикалық университетінде, 6 студент Солтүстік-Батыс саясаттану және құқық университетінде білім алып жатыр.
 
Сонымен қатар, университетке келетін академиялық ұтқырлық аясындағы студенттер саны да артып келеді. 2026 жылдың көктемінде Auezov University Қытайдан келген 22 студентті қабылдаса, күзгі семестрде ҚХР-дан келген 37 студенттен құралған топтың білім алуы ұйымдастырылды. Осылайша, академиялық ынтымақтастық тұрақты әрі өзара тиімді сипатқа ие болуда.
 
2026 жылғы мамырда Солтүстік-Батыс саясаттану және құқық университетімен және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағымен бірлесіп, «Бір белдеу - бір жол» бизнес-ортасының қызметтерін дамыту жөніндегі Қазақстан-Қытай орталығының ашылуы маңызды нәтижелердің бірі болды. Сонымен қатар, орталықтың серіктестік алаңы Қытайдың Сиань қаласында да құрылды. Орталықтың қызметі бірлескен зерттеулерді дамытуға, кадрлар даярлауға, кәсіпкерлік бастамаларды сараптамалық-құқықтық сүйемелдеуге, сондай-ақ екі елдің университеттері мен бизнес өкілдері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған.
 
Кездесу барысында Қытай Халық Республикасының Бас консулы Су Фанцю мырза қол жеткізілген нәтижелерге және университеттің ҚХР-мен ынтымақтастықты дамытудағы белсенді ұстанымына жоғары баға берді.
 
Ол түлектерді жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударып, Қазақстанда жұмыс істейтін қытайлық компаниялардың қытай тілін меңгерген білікті мамандарға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, кәсіби даярлық пен тілдік құзыреттердің үйлесуі жастардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың даму қажеттіліктеріне сай келеді.
 
Осыған байланысты тараптар қытай тілін оқытуды кеңейту, практикалық бағыттағы білім беруді дамыту және университет пен қытайлық кәсіпорындар арасында тікелей байланыс орнату перспективаларын талқылады.
 
Кездесу қорытындысы бойынша академиялық, ғылыми және іскерлік әріптестікті одан әрі дамытуға өзара мүдделілік танытылды. Атап айтқанда, жаңа бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, студенттер алмасуын кеңейту және екі ел экономикасының қажеттіліктеріне сай білікті мамандар даярлау мәселелеріне басымдық берілмек.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@auezov.edu.kz


Please publish modules in offcanvas position.