М.Әуезов атындағы ОҚУ студенттері «Суды үнемде – болашақты сақта» республикалық эко-сағатқа қатысты

Бүгін М.Әуезов атындағы ОҚУ-да Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен, «Су ресурстары, жерді пайдалану және агротехника кафедрасының ұйымдастыруымен «Суды үнемде – болашақты сақта» республикалық эко-сағат өтті. Экологиялық шараға ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі, «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорыны, «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен 400-ден астам студент қатысты.
Университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ғани Бесбаев өңірдегі су мәселесіне тоқталып, бұл түйткілді шешуде жоғары оқу орындарының рөлі айрықша екенін атап өтті.
–Университет тек маман даярлайтын орын емес. Университет – ғылыми ой, кәсіби жауапкершілік және экологиялық мәдениет қалыптастыратын орта. Бүгінгі студент ертең – агроном, инженер, гидролог, эколог, жер ресурстарын басқарушы немесе мемлекеттік қызметкер болады. Сондықтан суды үнемдеу мәдениеті студенттің кәсіби дүниетанымының бір бөлігіне айналуы тиіс. Сонымен қатар, университетімізде су саласы бойынша жоғары білікті мамандар даярлауға ерекше мән беріліп келеді, - деді Ғани Әбзелбекұлы.
«Суды үнемдеу мәдениетін қалыптастырудағы ақпараттық-түсіндіру және идеологиялық жұмыстар жүргізудің маңыздылығы» тақырыбында баяндама жасаған ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Стратегиялық даму департаментінің директоры Құрман Ғалым Полатұлы министрлік тарапынан елімізде суды үнемдеу бағытында атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды. Ол өз сөзінде ауыл шаруашылығы саласына енгізіліп жатқан цифрландыру жүйесі, су арналары мен каналдарды бетондау жұмыстары, сондай-ақ тамшылатып суару технологиясын енгізіп жатқан шаруаларға бөлініп отырған мемлекеттік субсидиялар туралы кеңінен мәлімдеді.
Сонымен қатар, баяндамашы суды үнемдеу тек ірі жобалармен шектелмейтінін атап өтіп, жастарды тұрмыстық жағдайдағы ережелерді сақтауды қарапайым мысалдармен түсіндіріп, суды тиімді пайдалануға және үнемдеуге шақырды.
Экологиялық басқосуда су ресурстарын үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, су тапшылығы жағдайында су қорларын басқарудың өзекті мәселелері, сондай-ақ су шығындарын азайту тетіктері кеңінен талқыланды.
«Су шығындарын азайту алгоритмі» тақырыбында «Су ресурстары, жерді пайдалану және агротехника» кафедрасының доценті Н. Джарболов баяндама жасаса, 6В08610 – «Су ресурстары және суды пайдалану» білім беру бағдарламасының 1 курс студенті Б.Еркебай аквапоника жобасын таныстырды. Студенттер өздерін мазалаған сауалдарын қойып, нақты жауап алды.
Кездесу соңында «Су ресурстары, жерді пайдалану және агротехника» кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Кенжалиева салада белсенді еңбек етіп жүрген ғалымдар мен жастарға Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітовтің Алғыс хатын табыстады.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru


Please publish modules in offcanvas position.

AI Icon AI Ассистент — Задайте вопрос