Шымкент қаласының бас полицейі Әуезов университетінің студенттерімен кездесу өткізді

Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Мұхтар Жұмабайұлы Қожаев «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу» тақырыбында студенттермен ашық форматта кездесу өткізді.
Кездесуде университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Дархан Ахмед-Заки Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты жастар тәрбиесіндегі маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар оқу орнында студенттердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заң талаптарын сақтау, интернет алаяқтықтың, буллингтің, есірткі және өзге де зиянды әрекеттердің алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
Өз сөзінде генерал-майор Мұхтар Жұмабайұлы кездесуді ұйымдастыруға қолдау білдірген университет басшылығына алғыс айтып, мұндай басқосулардың маңыздылығын атап өтті.
– Соңғы жылдары елімізде алаңдататын құқық бұзушылық түрлері көбейіп келеді. Олардың қатарында сталкинг, қыз алып қашу, дропперлік, интернет-алаяқтық сияқты заңға қайшы әрекеттер жиі кездесуде. Бүгін жастармен кездесіп, құқық бұзушылықтардың жауапкершілігі мен оның салдары туралы түсіндіруді жөн санадым. Себебі сақтық шараларын күшейтіп, заң талаптарын сақтау арқылы ғана қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыруға болады, – деді шаһардың бас полицейі.
Кездесу барысында Мұхтар Қожаев жастар арасында кездесетін құқық бұзушылықтардың құқықтық жауапкершілігіне жан-жақты тоқталып, олардың жастар болашағына тигізетін зардаптарын нақты мысалдар арқылы түсіндірді.
Маңызды кездесуде студенттер әлеуметтік желілерді пайдалану мәдениеті, жеке деректердің қауіпсіздігі және интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерге қатысты өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты әрі мазмұнды жауап алды.
Кездесу қорытындысында қонақтар университеттің заманауи техникалық базасы мен қауіпсіздік жүйелерімен танысты.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru

info@auezov.edu.kz

Please publish modules in offcanvas position.

AI Icon AI Ассистент — Задайте вопрос