Мерейтой аясында «Мен таулықпын» қойылымы сахналанды

Әуезов университетінің киелі сахнасында өткен бұл кеш – жай ғана мәдени іс-шара емес, жүрек пен сезімге терең әсер еткен рухани мереке болды. Қазақ жырының мұзарт шыңы, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығы мен университетіміздің қоғаммен байланыс және мәдениет жөніндегі проректоры Садыбек Қалмаханұлының 60 жас мерейтойы аясында «Мен таулықпын» сазды-поэтикалық қойылымы сахналанды. Қойылым көрерменді бір сәтке күнделікті күйбең тіршіліктен бөліп әкетіп, поэзия әлеміне жетеледі.
Мәдениет және өнер факультеті, Мәдени тьынығу және сахналық қызмет кафедрасының «Думан» студенттік-халық театрының жас өнерпаздары орындаған ақиық ақынның өлеңдері мен әуелеген әндері көрермен жүрегін бірден баурап алды. Қойылым барысында Мұқағали Мақатаевтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмыры көрермен көз алдында сырғып өткендей әсер қалдырды. Залдағы қауым уақыттың қалай зымырап өткенін аңғармай қалды – бұл шынайы өнердің айқын белгісі. Қойылым соңындағы ұзақ та ыстық қошемет көрерменнің алған әсерін сөзсіз аңғартты.
Қойылымды тамашалауға танымал өнер жұлдыздары да арнайы келді. Осы факультеттің мақтанышына айналған түлектер – Әбунасыр Серіков пен Абай Аязбаев сахна төріне көтеріліп, жас таланттардың ізденісіне, шынайы өнерге деген адалдығына ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ қойылым режиссері, «Думан» студенттік халық театрының жетекшісі Ерлан Ақылбаевтың кәсібилігіне жоғары баға беріп, бұл қойылымның республика көлемінде сахналануға әбден лайық екенін атап өтті. Бұл пікір жас өнерпаздарға үлкен демеу мен сенім сыйлады. 
Факультет деканы және мерейтой иесі Садыбек Бейсенбаевтың құрметіне арналған апталық іс-шараның ұйымдастырушысы Медеубек Тәңірбергенов талай таланттың қалыптасуына жол ашқан ұстазды шын жүрекпен құттықтап, факультет сахнасында осындай тұлғаның мерейтойын атап өту үлкен мәртебе әрі зор құрмет екенін жеткізді.Өз кезегінде Садыбек Қалмаханұлы қойылымның ерекше әсер қалдырғанын айтып, дәл осы «Мәдениет және өнер факультетінің» түлегі екенін мақтанышпен жеткізді. Ол бұл сахнаның талай таланттың қанатын қатайтып, үлкен өмірге жол ашқан киелі мекен екенін атап өтіп, бүгінгі жастарға өнер жолында табандылық пен шабыт тіледі.
Бұл кеш – өнердің өміршеңдігін, поэзияның мәңгілігін тағы бір мәрте дәлелдеген тағылымды әрі әсерлі рухани басқосу болды.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru

info@auezov.edu.kz

Please publish modules in offcanvas position.

AI Icon AI Ассистент — Задайте вопрос