Берекеміз – бірлікте, болашағымыз – ынтымақта: Әуезов университетінде республикалық дөңгелек үстел өтті

М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-да қоғам үшін мәні зор, мазмұны терең басқосу өтті. Университеттің «Тұлға дамыту және Қазақстан халқы Ассамблеясы» орталығының ұйытқы болуымен «Ұлтаралық татулық пен ынтымақтастық – негізгі құндылық» тақырыбында республикалық дөңгелек ұйымдастырылып, ел бірлігі, қоғамдық келісім кеңінен талқыланды.
Жиынның басты өзегі – түрлі этнос өкілдерін біріктіріп тұрған татулық пен өзара құрметтің бүгінгі қоғамдағы рөлін ашу, Қазақстандағы этносаралық келісімнің құндылықтарын насихаттау. Ашық форматта өткен дөңгелек үстел еркін ой айтуға, нақты ұсыныстар ортаға салуға мүмкіндік берді.
Іс-шараны университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Ғани Бесбаев ашып, этносаралық келісім – уақытша тақырып емес, ұлт ретінде ұйысудың, ел болып дамудың басты тірегі екенін атап өтті. Ол мұндай алаңдар пікір алмасу ғана емес, нақты шешімдер мен бастамаларға жол ашатынын айтып, айтылған ойлар университеттің алдағы тәрбие жұмысына негіз болатынын жеткізді.
Дөңгелек үстелге «Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ҚХА кафедрасының меңгерушісі Наталья Калашникова, ҚР Журналистер одағының мүшесі, журналист, ҚХА Шымкент Аналар кеңесінің мүшесі Зәуре Оралбаева, «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гаухар Төлепова, Қарағанды мен Батыс Қазақстан өңірлерінен келген ғалымдар, саясаттанушылар, Шымкент қаласындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері және университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Қатысушылар Ұлттық құрылтайда көтерілген ел бірегейлігі, қоғамдағы келісім мәдениеті, жастар тәрбиесі, бірлік пен жауапкершілік тақырыптарында өз ойларын ортаға салды.
Іс-шараның модераторы, «Тұлға дамыту және ҚХА» орталығының басшысы Гүлнар Жанысбекова Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» жобасын таныстырып, оның жастарға ел тарихы мен құндылықтарын терең түсіндірудегі маңызын атап өтті.
Мұндай басқосулар – бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың, бірлікті нығайтудың нақты қадамы.


Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru

info@auezov.edu.kz

Please publish modules in offcanvas position.

AI Icon AI Ассистент — Задайте вопрос