Жаңалықтар
Мамандандырылған балалар үйінде қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды
- Қаралды: 43
Қайырымдылық – қоғамның жүрегін жұмсартып, адамдарды бір мақсатқа ұйыстыратын ұлы құндылық. Мейірімге толы әрбір іс – болашаққа салынған жарық көпір. Өйткені қайырымдылық арқылы біз әрбір бөбекке үміт сыйлап, олардың ертеңіне сеніммен қарауына жол ашамыз.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Техникалық мамандықтар үшін практикалық орыс тілі» кафедрасының доценті Алтынбекова Гүлжан Құлжабайқызының ұйымдастыруымен Шымкент қаласындағы туылғаннан 3 жасқа дейінгі сәбилер тәрбиеленетін мамандандырылған балалар үйінде қайырымдылық іс-шарасы өтті. Бұл – жүректерді жылытқан, жанды тебіренткен ізгі бастама болды.
Сәбилерге қажетті заттар, ой-өрісті дамытатын ойыншықтар, жөргектер мен дәрі-дәрмектер мекеме әкімшілігіне табыс етілді. Бұл игі іске кең жүректі, жомарт жандар – Құлжабай Алтынбеков пен Камал Мауленовтың немерелері де өз үлестерін қосып, сауапты іске атсалысты.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету – тек бір мекеменің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір бала махаббат пен мейірімге лайық. Егер біз оларға жанашырлық танытып, өмірдің жарық қырын көрсете алсақ, олар да ертеңгі күні елін сүйген, адал, қайырымды азамат болып өсері сөзсіз.
Жақсылық жасаудан жалықпайық! Себебі бір ғана ізгі іс талай жүрекке үміт шырағын жағады. Қоштасар сәтте мекеме әкімшілігі университеттің ұжымына шынайы ризашылығын білдірді.






