Қысқы мектеп — 2026: "Жаңа медиа дәуіріндегі тіл мен журналистика"

2026 жылдың 5 қаңтарында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Журналистика және қазақ тілі» кафедрасының ұйымдастыруымен «Жаңа медиа дәуіріндегі тіл мен журналистика: интеграциялық үрдістер» атты халықаралық қысқы мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты жиын барысында қысқы мектептің мақсаты мен міндеттері таныстырылып, халықаралық білім беру жобасының маңыздылығы атап өтілді. Қысқы мектептің басты мақсаты – студенттерге, жас ғалымдар мен сала мамандарына кәсіби білімін жетілдіруге, жаңа медиа кеңістігіндегі тіл мен журналистиканың өзара байланысын терең түсінуге, заманауи ғылыми-зерттеу дағдыларын меңгеруге мүмкіндік беру. Шара барысында «Журналистика және қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі Гүлзира Танабаева құттықтау сөз сөйлеп, қысқы мектептің мазмұны мен бағыттарына тоқталды:
–Жаңа медиа дәуірі тіл мен журналистикаға мүлде жаңа талаптар қойып отыр. Осы қысқы мектептің басты мақсаты – болашақ журналистер мен тіл мамандарына интеграциялық көзқарас қалыптастыру, цифрлық медиада тілдік мәдениетті сақтай отырып, кәсіби бәсекеге қабілетті маман даярлау. Халықаралық форматтағы бұл жоба студенттердің ғылыми-тәжірибелік әлеуетін арттырады– деді.
Қысқы мектепке қатысушы «Журналистика» мамандығының 1-курс студенті Нұрсәт Әлімқұл «Халықаралық спикерлермен онлайн форматта тікелей байланыс орнату – болашақ журналист ретінде тәжірибемізді арттыруға үлкен мүмкіндік. Бұл жоба арқылы жаңа медиада жұмыс істеудің қыр-сырын меңгереміз деп ойлаймын», – деген пікірімен бөлісті.
Айта кету керек, қысқы мектептің салтанатты ашылуы білім алушылар мен оқытушыларды бір арнаға тоғыстырып, жаңа медиалық ойлау мен ғылыми ынтымақтастыққа жол ашқан маңызды шара болды. Бұл бастама болашақ журналистер мен тіл мамандарының кәсіби ойлау жүйесін жаңаша қалыптастырып, жаңа медиа жағдайында тілдік мәдениетті сақтай отырып жұмыс істеудің ғылыми негіздерін түсінуге жол ашты.
Қысқы мектеп аясында ұсынылған дәрістер мен практикалық сабақтар тек ақпарат берумен шектелмей, тыңдаушыларды сыни ойлауға, медиамәтінді талдауға, цифрлық ортада жауапты әрі сапалы контент жасауға үйретеді. Әсіресе халықаралық деңгейдегі ғалымдар мен тәжірибелі мамандардың еңбегі бағдарламаның мазмұнын тереңдете түсті. Жалпы алғанда, бұл қысқы мектеп университет пен ғылыми қауымдастықтың білім сапасын арттыруға бағытталған жүйелі еңбегінің нәтижесі деуге болады.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru

info@auezov.edu.kz

Please publish modules in offcanvas position.