Әуезов университетінің ғалымдары «NEXUS FORUM – 2026» халықаралық форумына қатысуда

Алматы қаласында Германия мен Орталық Азияның жетекші ғалымдарын, халықаралық ұйымдар мен сараптамалық орталықтардың өкілдерін біріктіретін «Nexus Forum – 2026» халықаралық ғылыми форумы өтіп жатыр.
Қазақстан-Неміс университеті (DKU) мен Германияның Ханнс Зайдель қоры (Hanns Seidel Stiftung) ұйымдастырған іс-шара су, жер, энергетика ресурстары мен биоалуантүрліліктің өзара байланысын кешенді қарастыруға, климаттық өзгерістерге бейімделуге және табиғи ресурстарды орнықты басқаруға арналған.
Халықаралық форумға Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің атынан «Биотехнология және агроинновация» ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD, доцент Құттымұрат Тағаев және «Ауыл шаруашылығы биотехнологиясы» ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Бакытжан Ажибеков қатысуда.
Басқосудың алғашқы күнінде «Nexus және климаттың өзгеруі», «Орталық Азиядағы жер ресурстарын пайдалану» тақырыптарында панельдік пікірталастар ұйымдастырылып, су ресурстарының тұрақтылығы, ауыл шаруашылығы және жер пайдалану, энергетикалық қауіпсіздік, биоалуантүрлілік пен экожүйелерді сақтау мәселелері талқыланып жатыр.
Мұхтар Әуезов университетінің ғалымдары халықаралық сарапшылармен аграрлық сектордың климаттық тұрақтылығын арттыру, топырақ құнарлылығын сақтау, ризосфералық микробиомның биотехнологиялық әлеуетін пайдалану және инновациялық ғылыми әзірлемелерді ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізу бағыттары бойынша ғылыми ұсыныстарын ортаға салды.
Форумның екінші күнінде, яғни ертең халықаралық сарапшылардың қатысуымен су ресурстары саласындағы бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, алма шаруашылығын дамыту, генетикалық ресурстар мен биоалуантүрлілікті сақтау, инновациялық жобаларды қалыптастыру және оларды қаржыландыру мүмкіндіктеріне арналған арнайы жұмыс сессиялары өтеді. Сонымен қатар Erasmus+ бағдарламасы аясындағы академиялық ынтымақтастық пен бірлескен халықаралық жобаларды әзірлеу жолдары қарастырылады.
Аталған халықаралық ғылыми алаң Әуезов университетінің Германия және Орталық Азия ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастығын кеңейтуге, агробиотехнология саласындағы бірлескен зерттеулерді дамытуға және отандық ғылыми әзірлемелерді халықаралық ғылыми кеңістікке ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

 

Image

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@auezov.edu.kz


Please publish modules in offcanvas position.