Жаңалықтар
Мемлекет басшысы Мұхтар Әуезов университетіне «Ұлттық» мәртебе беру туралы шешім қабылдады
- Қаралды: 62
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Астана қаласында өткен Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетіне «Ұлттық» мәртебе беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
«Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне «Ұлттық» мәртебе беру туралы шешім қабылдадым», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл – университет тарихындағы маңызды белес әрі ұжымға артылған үлкен сенім. Ұлттық мәртебе – оқу орнының көпжылдық тарихына, ғылыми әлеуетіне, қалыптасқан білім беру дәстүріне және ел дамуына қосқан үлесіне берілген жоғары баға. Сонымен қатар бұл – бірнеше буын ғалымдар, ұстаздар, зерттеушілер, қызметкерлер, студенттер мен түлектердің табанды еңбегінің нәтижесі.
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің есімін иеленген университет үшін бұл мәртебенің мәні ерекше. Әуезов мұрасы – білімге ұмтылудың, ұлт руханиятын өркендетудің және туған халқына адал қызмет етудің өнегесі. Университет ұлы тұлғаның атына лайық болуды, ғылым мен білім арқылы елдің зияткерлік әлеуетін арттыруды басты бағдар санайды.
Ұлттық мәртебе университет дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, білім сапасын халықаралық талаптарға сай жетілдіруге, ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыруға, академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге, инновациялар мен технологияларды өндіріске енгізуге және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға тың серпін береді.
Университет ректоры Мұхтар Төлеген осы тарихи шешімге орай профессор-оқытушылар құрамына, ғалымдарға, қызметкерлерге, білім алушыларға, ардагерлер мен түлектерге алғыс білдірді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының сенімін нақты іспен, сапалы біліммен және ел игілігіне бағытталған нәтижелі еңбекпен ақтау – барша ұжымның ортақ міндеті екенін атап өтті.
Мұхтар Әуезов университетінің жаңа тарихи кезеңі басталды. Бұл – қалыптасқан дәстүрді жалғастырып, ғылым мен білімнің жаңа биіктеріне ұмтылуға арналған маңызды қадам.

