Шымкенттің үздік түлектері Мұхтар уезов университетінің ашық есік күніне қатысты

2 мыңнан астам жас, лық толы зал, бір ортақ мақсат – болашаққа бастар дұрыс жолды таңдау. Бүгін «Қызғалдақ» сарайында Әуезов университетінің «БІЛІМ. БАҒДАР. БОЛАШАҚ» атты ашық есік күні өтіп, қала мектептерінің бітіруші түлектерін бір алаңға жинады.
 
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және Мұхтар Әуезов университетінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткен шараға қала мектептерінің 2 150 оқушысы қатысты. Олардың қатарында «Алтын белгі» иегерлері мен үздік аттестатқа үміткер 500-ге жуық түлек бар.
 
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай өткен басқосу білімді ұрпақ қалыптастыру, жастардың кәсіби бағдарын айқындау және олардың жоғары білімге деген мүмкіндіктерін кеңінен таныстыруды мақсат етті.
 
Салтанатты жиында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ел болашағының білімі терең, бәсекеге қабілетті жас ұрпақпен тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, адами капиталдың сапасын арттыру үшін білім мен ғылымды, озық технологиялар мен инновацияны қатар меңгеру маңызды.
 
Ал университеттің Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Төлеген Мемлекет басшысының жастарға айрықша көңіл бөліп, олардың дамуына жағдай жасауға бағытталған бастамаларын атап өтті. Сондай-ақ жас буын осы қолдауға лайық болу үшін білімге ұмтылып, еңбекқорлық пен жауапкершілікті басты қағидат ретінде ұстануы қажеттігін жеткізді.
 
Кездесудің мазмұнды бөлігі талапкерлер үшін ең өзекті тақырыптарға арналды. Атап айтқанда, ҰБТ форматы, мемлекеттік грант конкурсына қатысу, жоғары оқу орнына түсу талаптары мен мамандық таңдаудың қыр-сыры кеңінен түсіндірілді.
 
ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев түлектерге ҰБТ форматы мен жоғары білім беру саласындағы жаңашылдықтар туралы жан-жақты ақпарат берді. Ал 15 жылдық тәжірибесі бар педагог, кәсіби бағдар беруші әрі коуч Омарбек Көшкімбайұлы мамандық таңдауда жеке қабілет пен қызығушылықты ескерудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар талапкерлерге мемлекеттік білім грантын иелену мүмкіндіктері жөнінде нақты кеңестер ұсынды.
 
Іс-шара аясында Auezov Quiz зияткерлік ойындарының жеңімпаздары қаржылай сыйақымен марапатталды. Сонымен қатар университетпен кәсіби бағдар беру бағытында әріптестік орнатып, үздік түлектерді тәрбиелеуге үлес қосқан мектеп және колледж басшыларына «Мұхтар Әуезов» төсбелгісі табысталды.
 
Мотивациялық кездесудің мазмұнын университет жастарының шығармашылық өнері мен танымдық бағдарламалар толықтырды. «Қарагөз» би ансамблі әсем биін ұсынса, «Мадмуазел» жайдарман командасы көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ мектеп оқушылары арасында зияткерлік ойындар ұйымдастырылып, қатысушылардың білім-білігі мен тапқырлығы сынға түсті. Ойын жеңімпаздары университет ректорының атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@auezov.edu.kz


Please publish modules in offcanvas position.