«Заң мен тәртіп» қағидаты: Auezov University Қытайдағы халықаралық құқық форумында Қазақстанның тәжірибесін таныстырды

Қытайдың Сиань қаласында өткен «Чанъань – Рим» халықаралық құқықтық қызметтер форумында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – ректор Төлеген Мұхтар Әділбекұлы «Халықаралық құқықтағы жасанды интеллект» тақырыбында баяндама жасады. Халықаралық құқықтық ынтымақтастықты тереңдетіп, жаңа құқықтық Жібек жолын қалыптастыруды мақсат еткен форумға Азия мен Еуропа елдерінің өкілдері қатысты.
 
Құқықтық мемлекетті дамыту және «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру – Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамның құқықтық мәдениетін арттыру, азаматтар мен бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін сенімді қорғау қажеттігін үнемі атап келеді. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын құрметтеу ұстанымының бекітілуі мемлекеттердің ұлттық құқықтық жүйелері арасындағы өзара байланысты дамытуға негіз қалайды. Жасанды интеллект пен цифрлық экономиканың қарқынды дамуы жағдайында жаңа технологияларды құқықтық реттеу, халықаралық ынтымақтастықтың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру мәселелері де өзекті бола түсті.
 
Сиань қаласында өткен халықаралық форумға Азия мен Еуропа елдерінің мемлекеттік органдары, жетекші заң ұйымдары, төрелік институттары мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Олардың қатарында ҚХР Әділет министрінің орынбасары У Яньцзюнь, Шэньси провинциясы губернаторының орынбасары Юй Пин, Италияның бұрынғы әділет министрі Андреа Орландо, сондай-ақ құқық және төрелік саласындағы халықаралық сарапшылар болды.
Форумды Шэньси провинциясының Әділет департаменті мен Қытай-Италия институты Солтүстік-Батыс саясаттану және құқық университетінің, Сиань төрелік комиссиясының және Римдегі Тор Вергата университетінің қатысуымен ұйымдастырды.
 
«Жасанды интеллект дәуіріндегі трансшекаралық заң қызметтерін дамытудың мүмкіндіктері мен сын-қатерлері» атты пленарлық сессияда ректор Мұхтар Төлеген жаңа технологияларды құқықтық реттеу, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және цифрлық трансформация жағдайында білікті мамандар даярлау бағытындағы ұстанымдарын ортаға салды.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүйелі түрде ілгерілетіп келе жатқан “Заң мен тәртіп” қағидаты жасанды интеллект қарқынды дамып, халықаралық ынтымақтастық кеңейген қазіргі кезеңде айрықша маңызға ие. Бүгінде озық технологияларды енгізумен қатар, мемлекеттердің, азаматтар мен бизнестің мүдделерін қорғайтын, сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сенімді құқықтық тетіктерді қалыптастыру маңызды. “Чанъань – Рим” форумы сияқты халықаралық алаңдар ортақ шешімдер әзірлеуге және құқықтық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді», – деді ректор.
 
Форум аясында жасанды интеллектіні заң тәжірибесінде қолдану, халықаралық коммерциялық төрелік, трансшекаралық инвестицияларды құқықтық сүйемелдеу, халықаралық саудаға қатысушылардың мүдделерін қорғау және экономикалық ынтымақтастықтың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
 
Сондай-ақ форум барысында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті мен Солтүстік-Батыс саясаттану және құқық университеті арасында «Саясаттану» және «Халықаралық қатынастар» білім беру бағыттары бойынша қос дипломды бірлескен бағдарламаларды іске қосу туралы келісімге қол қойылды. Бұл уағдаластықтар халықаралық қатынастар, мемлекеттік басқару және мемлекетаралық ынтымақтастық салаларында білікті мамандар даярлауға бағытталған.
 
Auezov University-дің халықаралық құқық форумына қатысуы Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық басымдықтарға сәйкес университет жұмысының практикалық бағыттылығын көрсетеді. Сонымен қатар халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға, құқықтық мәдениетті дамытуға, халықаралық диалог пен Қазақстанның шетелдік серіктестермен орнықты экономикалық байланыстарын өрістетуге үлес қоса алатын білікті кадрлар даярлауға жол ашады.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@auezov.edu.kz


Please publish modules in offcanvas position.