Жаңалықтар
Auezov University Қытайда Қазақстанның білім беру әлеуетін танытты
- Қаралды: 11
Қазақстандық жоғары білімнің әлеуеті Қытайда таныстырылды. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті Шанхайда өткен China Education Expo 2026 халықаралық көрмесіне қатысып, шетелдік талапкерлерге білім беру мүмкіндіктерін ұсынды. Университет делегациясын Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Төлеген бастап барды.
China Education Expo – әлемнің жетекші білім беру ұйымдарын, академиялық қауымдастық өкілдерін және шетелде білім алуға ниетті жастарды тоғыстыратын Қытайдағы ірі халықаралық алаңдардың бірі. Биыл көрме Бейжің, Ухань, Чэнду, Гуанчжоу және Шанхай қалаларында ұйымдастырылды.
Халықаралық көрмеге Қазақстан, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Австралия, Канада, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия және басқа да елдердің білім беру ұйымдары қатысты. Іс-шараны Қытайдың Халықаралық білім алмасу қауымдастығы (CEAIE) ұйымдастырды. Ал қазақстандық жоғары оқу орындарының қатысуына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы қолдау көрсетті.
Көрме барысында Auezov University халықаралық қауымдастыққа Қазақстанның білім беру және ғылыми әлеуетін таныстырып, университеттің мүмкіндіктерін кеңінен насихаттады. Атап айтқанда, білім беру бағдарламалары, ағылшын тілінде оқыту бағыттары, академиялық ұтқырлық, қос дипломды білім беру жобалары және шетел азаматтарына арналған қабылдау талаптары туралы ақпарат ұсынылды.
Сонымен қатар Қытай жастары арасында университеттің танымалдылығын арттыруға, олардың Қазақстанда сапалы жоғары білім алу мүмкіндіктеріне қызығушылығын оятуға басымдық берілді. Көрмеге келушілер Қазақстанда білім алудың артықшылықтарымен, Auezov University ұсынатын академиялық мүмкіндіктермен және болашақ кәсіби дамуға жол ашатын бағдарламалармен танысты.
Көрме жұмысына университет студенттері де белсенді атсалысты. Олар ресми делегация мүшелерімен бірге білім беру бағдарламаларын таныстырып, университеттің тыныс-тіршілігі туралы әңгімеледі. Сондай-ақ өздерінің оқу тәжірибесімен бөлісіп, шетелдік талапкерлердің сұрақтарына жауап берді. Студенттердің бұл бастамасы қазақстандық жоғары білімді халықаралық деңгейде танытуға жастардың да үлес қосып жүргенін көрсетті.
Іс-шара аясында шетелдік білім беру ұйымдарының өкілдерімен де кәсіби кездесулер өтті. Тараптар академиялық әріптестікті дамыту, халықаралық білім беру мүмкіндіктерін кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағыттарын сөз етті.
Auezov University-дің China Education Expo 2026 көрмесіне қатысуы – жоғары білімді интернационалдандыру, білім беру экспортын дамыту және отандық жоғары оқу орындарының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы мемлекеттік саясатпен үндес маңызды қадам.
Бұл сапар университеттің Қытай Халық Республикасымен байланысын нығайтып қана қоймай, халықаралық әріптестік аясын кеңейтуге, Auezov University-дің әлемдік академиялық кеңістіктегі танымалдылығын арттыруға және Қазақстанның білім беру әлеуетін шетелде кеңінен танытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.









