Auezov University базасында Oрталық Aзияда баламасы жоқ халықаралық тоқыма зертханасы ашылады

Әлемдік экономиканың даму бағыты шикізаттық модельден өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияға қарай өзгеріп келеді. Бұл ретте өндірісті терең өңдеу, қосылған құны жоғары өнім шығару және озық технологияларды енгізу айрықша маңызға ие. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында осы бағыттағы халықаралық әріптестікті дамытудың өзектілігін атап өткен болатын.
 
Аталған басымдықтар аясында 2026 жылғы 9 қарашада Шанхай қаласында Auezov University Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Төлеген мен Қытайдың Donghua University президенті, профессор Сянь Яньсюнь арасында ресми кездесу өтті.
 
Жүздесудегі мақсат – Қазақстан мен Қытайда жасанды интеллект технологияларына негізделген халықаралық тоқыма ғылыми-зерттеу зертханаларын құру. Жоба аясында екі елде, қос университеттің базасында өзара байланысқан екі зертхана ашылады. Бұл – Орталық Азияда баламасы жоқ бірегей ғылыми бастама.
 
Жаңа зертханалар тоқыма өнеркәсібіндегі заманауи технологияларды дамытуға, жасанды интеллект мүмкіндіктерін өндірістік үдерістерге енгізуге, материалтану саласындағы қолданбалы зерттеулер жүргізуге және инновациялық шешімдер әзірлеуге бағытталады.
 
Зертханалардың бірі Шанхайдағы Donghua University базасында, екіншісі Auezov University базасында қатар жұмыс істейтін болады. Жобаның ерекшелігі – ғылым, білім және өндірісті біртұтас жүйеге біріктіру. Бұл ретте Шәуілдір өңірінде мақта өсіру және жинау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар, сондай-ақ Қазақстандағы ірі кәсіпорындар мен Қытайдың «Li Hua» компаниясының өндірістік әлеуеті ғылыми зерттеулермен ұштастырылады. Осылайша, мақта шикізатын өсіруден бастап, оны терең өңдеу, тоқыма материалдарын әзірлеу және дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбек қалыптастыру көзделіп отыр.
 
«Біздің мақсатымыз – зертханалар ашумен ғана шектелмей, ғылымның нақты өндіріске қызмет етуіне жол ашу. Шәуілдірде мақта өсіру және оны жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта отандық ірі кәсіпорындармен және Қытайдың «Li Hua» компаниясымен бірлескен жұмыс атқарылуда» - деді ректор. Сондай-ақ ол Donghua University, Auezov University және өндіріс өкілдері өзара ықпалдаса отырып, жаңа технологияларды меңгерген, заманауи өндірістің талаптарына сай мамандар даярлайтынын да тілге тиек етті. Мұхтар Әділбекұлының айтуынша, зертханалардың жұмысында жасанды интеллект пен автоматтандырылған басқару жүйелері кеңінен қолданылады. Өндірістік үдерістерге өлшеуіш тетіктері енгізіліп, адам еңбегіне тәуелділікті барынша азайту, процестерді дәл басқару және өнім сапасын арттыру көзделеді.
 
«Бұл мақта өңдеу мен тоқыма өндірісінің тиімділігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар зерттеулер тек киім өндірісімен шектелмейді. Тоқыма технологиялары медицинада, машина жасауда, аэроғарыш саласында және басқа да жоғары технологиялық бағыттарда кеңінен қолданылады. Мәселен, медициналық мақсаттағы арнайы тігін жіптері, машина жасауға қажетті композиттік материалдар, аэроғарыш саласындағы тоқыма негізіндегі антенналар мен өзге де инновациялық бұйымдарды әзірлеу мүмкіндігі қарастырылады.
Зертханаларда материалдардың беріктігі, төзімділігі, созылуы, үзілуге қарсы қасиеттері және ұзақ мерзімді пайдалануға жарамдылығы жан-жақты зерттеледі. Бұл – материалтану ғылымының маңызды бағыттарының бірі. Студенттер мен жас ғалымдар зерттеу жұмыстарына тікелей қатысып, жаңа материалдар мен дайын өнім түрлерін әзірлеуге мүмкіндік алады. Нәтижесінде тек тоқыма бұйымдары ғана емес, медицинада, тұрмыста және машина жасауда қолданылатын отандық өнімдер шығаруға негіз қаланады», – деді Мұхтар Төлеген.
 
Осылайша, жаңа зертханалар жоғары білікті ғылыми кадрлар даярлауға, ғалымдардың тәжірибе алмасуына, студенттердің практикалық дағдыларын қалыптастыруға және бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
 
Айта кетейік, Donghua University – Қытайдың мемлекеттік Double First-Class бағдарламасына енген, тоқыма инженериясы, материалтану және заманауи технологиялар саласында халықаралық деңгейде танылған жоғары оқу орындарының бірі.
Кездесу барысында тараптар бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, академиялық ұтқырлықты дамыту және екі университеттің зерттеу ұжымдары арасындағы байланысты кеңейту мәселелерін де талқылады. Жаңа зертханаларды құру бұған дейін басталған ғалымдардың өзара ынтымақтастығын нақты ғылыми және технологиялық нәтижелерге бағыттаудың жалғасы.
 
Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары технологиялы өндірістерді дамыту, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту және халықаралық технологиялық әріптестікті кеңейту жөніндегі басымдықтарымен үндеседі.
Жобаның жүзеге асуы Auezov University-дің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстанның тоқыма өнеркәсібін жаңа технологиялармен дамытуға, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге және Орталық Азиядағы ғылыми-технологиялық кооперацияның жаңа бағытын қалыптастыруға жол ашады.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@auezov.edu.kz


Please publish modules in offcanvas position.